Президент Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында аймақты дамытудың басымдықтарын айқындады. Оның біріншісі - өңдеу өнеркәсібін қолдау. Екінші басымдық - өңірдің транзиттік-тасымал әлеуетін арттыру. Мемлекет басшысы облыс жұртшылығымен кездесуі кезінде моноқалаларды дамыту, экологиялық жағдайды жақсарту мәселесіне де тоқталды. Өнеркәсіп кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге баса назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағандының жылу мәселесін шұғыл шешуді тапсырды. Қалада сақалды құрылыс та жетеді. Тұрып қалған нысандарды тездетіп аяқтау керек. Облыста жол мәселесі де өзекті. Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі Балқаш қаласы арқылы өтеді. Бірақ, жолдың құрылысы өте баяу. Мемлекет басшысы мерзімнің қайта-қайта кейінге шегерілуін сынға алды. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырды. «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да жылдар бойы жөндеу көрмеген. Бұл барыс келісті қиындатып отыр. Әрі жаңадан құрылған Ұлытау облысын дамытуға кедергі. Тоқаев жолды жөндеуді келер жылдан қалдырмай бастауды жүктеді.
Асима Нұрбайқызы