Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Абай облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Абай облысына барды

30.09.2022

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Абай облысына барды. Осыдан бір сағат бұрын ғана Президент жергілікті жұртшылықпен кездесу өткізіп, жаңадан құрылған аймақты дамытуға ден қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдік пен Үкіметке Семейде жылу электр орталығын салуды тапсырды. Себебі қаланың инфрақұрылымы әбден тозған. Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды. Қаладағы жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті деді Президент. Сонымен қатар облыста 65 денсаулық сақтау нысаны, 11 мектеп және 14 балабақша салынады. Мемлекет басшысы кездесуде әлемде болып жатқан күрделі геосаяси ахуалға да тоқталды. Оның сөзінше шетелде біздің жетістіктерімізді көре алмайтын адамдар аз емес. Тіпті ақпараттық шабуылдар да ұйымдастырылған.Осындай жағдайда бүкіл ұлт болып ұйысып, бірігуіміз керек екенін еске салды.

Президент сапары жалғасып жатыр. Бүгін Семейде заңғар жазушы Мұхтар Әуезов пен оның шәкірті, Абайтану ілімінің негізін салған Қайым Мұхамедхановқа ескерткіш ашылады. Сонымен қатар Президент 120 жылдық тарихы бар қазақ даласындағы алғашқы мұғалімдер семинариясы, қазіргі Семей Педогоикалық колледжіне барады деп жоспарланған. Бұл туралы толығырақ алдағы шығарылымдарда айтамыз. 


Хабарламаларға жазылу