Түркияда қазақ тағамдарына сұраныс көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда қазақ тағамдарына сұраныс көбейді

26.09.2022

Көптеген отандастарымыз түрік тағамдарын сүйсіне жейтіні рас. Еліміздің үлкен қалаларында түрік асханаларын да жиі кездестіреміз. Дегенмен Түркияда да қазақтың ұлттық тағамдарына сұраныс жоғары екен. Бұған соңғы уақытта Ыстамбұлда бірнеше қазақ мейрамханасының ашылуы дәлел.

Харун Швейцарияда туып өскен. Өзі кәсіпкер. Түркияда тұратын туыстарына жиі келіп тұрады. Келген сайын қазақ тағамдарын іздеп жүріп жейді екен. Себебі қазақы мәзірмен ұсынылған мұндай кең дастархан басқа жерде жоқ дейді.

Харун, Швейцария азаматы:

Мен Швейцарияда тұрам. Әлемнің көптеген елдерін араладым. Бір рет Алматыда болдым. Сол кезде қазақ тағамдарының дәмін алғаш рет таттым. Содан бері қай жерде қазақ мейрамханасы болса арнайы барам. Себебі сіздердің қуырдақ пен бауырсаққа жететін тағам жоқ.

Ыстамбұлда соңғы бір жылда үш бірдей қазақ мейрамханасы ашылды. Шетелдіктермен қатар бұл орындарға елдің дәмін аңсаған қазақстандықтар да жиі келеді. Осы жерде түрлі басқосулар мен отбасылық шараларын өткізіп тұрады.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Қазақ мейрамханалары түркиялықтарды тек дәмді тағамдарымен ғана емес, ішкі сән-салтанатымен де баурайды. Мұнда келген қонақтар ұлттық тағамдарымыздан дәм татып қана қоймай, қазақтың қолөнерімен, тарихымен және музыкалық аспаптарымен де таныса алады.

Минур Тас, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:

Осымен екінші рет келіп тұрмын. Тағамдары ерекше. Әсіресе қымыздың қышқыл дәмін ұнаттым. Сосын мейрамхананың ішкі безендіруі қатты ұнады. Ою-өрнек, әдемі көрпелер. Құдды бір мұражайда отырғандай боласың.

Әлемге танымал түрік тағамдарымен бәсекелесу оңай емес. Дегенмен табиғи әрі нәрлі ұлттық дастарханымызды кез-келген елде ұялмай ұсына аласың дейді осы кәсіпті дөңгелетіп отырған Данияр.

Данияр Иманбақов, кәсіпкер:

Өзіміздің ұлттық тағамдарымызды, ұлттық дәстүрімізді осы Ыстамбұлда көрсеткеннен кейін, бұл жақта өзге ұлт өкілдері өте көп. Ыстамбұлға демалысқа келіп жатқандар өте көп. Тек қазақтармен шектеліп қалмай өзге ұлттарға да біз қонақ қылып күтіп жатқан жайымыз бар. Біздің тағамдар тойымды ғой. Әсіресе ер азаматтарға біз деликатес деп айтып қоямыз күліп. Басқа ұлттар келіп ризашылығын білдіріп кетеді.

Әлемде Италия, Түркия мен Қытай асханалары ең танымал дейді мамандар. Дегенмен әспеттей білсе ұлттық тағамдарымызды да дүниежүзілік деңгейге көтеруге болады. Әр қалтарысында бір дәмхана бар Ыстамбұлда қазақ тағамдарына сұраныстың жоғары болуы осыны меңзейді.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу