Расымен, Димаш Құдайберген - феномен, ән өнеріндегі құбылыс. Өнерпаздың бүгін Алматыда өтетін «Стрэйнджер» концертіне келген шетелдік меймандар оның таланты мен шығармашылығын осылайша жоғары бағалайды. Әлемнің 50-ден астам мемлекетінен жанкүйерлер кездесу кешін ұйымдастырып, әншінің отанына келгенде алған әсерлерімен бөлісіп жатыр.
Канадалық Джон Мишуа - 3 жыл бұрын Шри-Ланкада демалып жатқанда терролық шабуылға тап болған. Сол елге бірге барған достарының бәрі қаза тауыпты, өзі аман. Қайғылы оқиғадан қатты күйзеліске түсіп, тек Димаштың әндерімен емделгенін айтады.
Джоанна Мишо, Димаштың жанкүйері /Канада/:
Димаштың әндері жанға дауа. Рахаттана тыңдап, демаламын. Жол ұзақ, әрі бағасы қымбат болса да, әншінің отанына келу парызым деп есептеймін. Бақыттымын.
Ал бұл - америкалық Нэнси. Габриел атты ұлы аутизммен ауыратындықтан, тоғыз жасына дейін тілі шықпапты. Бірде баласы Димаштың француз тіліндегі SOS әнін бір сөзін бұзбай орындап тұрғанын көргенде өз көзіне өзі сенбепті. Сол күннен бастап ол Димаш деген қазақ әншісі бар екенін біледі.
Нэнси Сенитсерос, Димаштың жанкүйері /АҚШ/:
Димаш қай тілде ән айтса, соны жаттап алады. Содан бері баланың тілі шыға бастады. Ұлымның емделуіне осынша ықпал еткен құдірет, тылсым күш бар, ол - Димаш Құдайберген.
Көпшіліктің ішінде ерекше бейнесімен көзге түскен шетелдік Наукомен де тілдестік. Жапониялық мейман кездесуге ұлттық киіммен келген. Осылайша, әншіге деген шынайы ықыласымды білдіргім келді, дейді.
Науко, Димаштың жанкүйері /Жапония/:
Димаш - ерекше тұлға. Сөзсіз, әлемдегі ең үздік артист деп ойлаймын. 2019 жылы Астанада болдым, артынша Санкт-Петербугтағы концертіне бардым. Оны алғаш көргенде сөйлей алмай, қобалжып қалғаным есімде.
Музыкада шекара болмайды. Талант иесі осы қағиданы күллі әлемге дәлелдеді. Дала дауысымен дүниені дүр сілкіндіріп, өнерге деген құштарлықпен тыңдарманды бір арнаға тоғыстырды. Димаш - әлемді әнімен әлдилеген тұлға. Алыстан Алматыға мыңдаған жанкүйердің келуі соның дәлелі болса керек.
Фариза Мұсақызы