Қазақстанда өрт шыққанын дер кезінде анықтайтын құрылғы Бурабайда ғана бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда өрт шыққанын дер кезінде анықтайтын құрылғы Бурабайда ғана бар

22.09.2022
Қазақстанда өрт шыққанын дер кезінде анықтайтын құрылғы Бурабайда ғана бар

Ол Бурабайдағы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан. «Ақылды» жүйенің арқасында орманда өрт шығу дерегі күрт азайыпты. Себебі объективтің назарына түтін немесе басқа да күдікті кадр ілінсе, қызметкерлер бірден іске көшеді.

Орман өртін ерте анықтауға арналған «Smart Бурабай» жүйесін екі жыл бұрын орнатқан. Аппарат Ресейден әкелінген. Мамандар орман алқабын арнайы тепловизорлар ақылы бақылайды. Ол күн және жел энергиясы арқылы қуаттандырылады. Цифрлы құрылғы күдікті дүние көрінген жағдайда оның түтін немесе түтін еместігін анықтап, қызыл контурмен белгі береді. Ал ұлттық парктің кезекші диспетчерлері төтенше жағдай қызметіне хабарлайды.

Асылхан Ахметжанов, «Бурабай» МҰТП жедел басқару орталығының басшысы:

Биыл парк аумағында 18 өрт болып, қызыл жалын жедел сөндірілді. Көбіне өрт шығуына найзағай әсер етеді. Салдарынан 1 күнде 8 жерден өрт шыққан кездер де болды. Осы жүйенің арқасында тауға демалуға келіп, өрт қауіпсіздігін сақтамаған 2 адамды ұстадық. Олар от жағып, түтін шыққан сәтте жүйе бірден белгі берді. Сол жерге дереу орманшылар барып, 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл рәсімдеді. 2020 жылы бұлан атқан браконерьді де осы жүйенің көмегімен қолға түсірдік. Ол 3 жылға сотталып, 6 миллион 250 мың теңге айыппұл төледі.

Президент іс басқармасына қарайтын табиғи паркте «SMART» жүйе енгізілгелі өрт дерегі күрт азайған. Жыл басталғалы 0,5 гектар жер ғана өртенген. Ал былтыр бұл көрсеткіш 20,5 гектар болған. Жүйе өрт сөндірушілердің де жұмысына оң әсерін тигізіп отыр. Олар құрылғы жоқ кезде оқиға орнына 30 минута барса, қазір 5 минутта жетеді. Мұнда 14 мұнара бар, әрқайсында камера орнатылған.

Асылбек Данияр, тілші:

Жалпы аумағы 129 мың гектар алқапты құрайтын «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қауіпсіздігі ерекше бақылауға алынған. Мәселе, табиғи апат болған жағдайда сигнал арнайы құрылғыға жылдам жетеді. Өрт бола қалған жағдайда оны тез ауыздықтауға мүмкіндік бар.

Осы жылдың 8 айында ұлттық парк инспекторлары табиғатты қорғау заңнамасы мен келушілердің ұлттық парк аумағында жүріп-тұру ережелерін сақтамаған 51 факті тіркеді. 46 адамға айыппұл салынды. 5 қылмыстық іс қозғалған.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу