Павлодар облысында диханшылық кәсіп үш ұрпаққа жалғасқан әулет бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында диханшылық кәсіп үш ұрпаққа жалғасқан әулет бар

19.09.2022

Павлодар облысы, Успенка ауданы, Қонырөзек ауылында диханшылықтың игі дәстүрін жалғастырып келе жатқан әулет бар. Үш ұрпаққа жалғасқан кәсіпті 80-ге келіп қалған Дауылбай Сейтқазинов басқарады.

Астық тиелген көлік, алқапқа асыққан механизаторлар. Дауылбай ақсақалды кеңседен емес, қауырт қимыл, қарбалас еңбек жүріп жатқан егін басынан таптық. Атасының игі ісін мирас қылып мойнына артқан немерелері қасында.

Дауылбай Сейтқазинов, «Алдияр» шаруа қожалығының басшысы:
Бірінші бастағанда ескі комбайн, ескі ДТ-мен бастап, сонда балалар менің жанымда жүрді. Трактор «Беларуспен» бидай таситын үйге. Мен комбайнда боламын. Малда болғанда малменде солай. Базда өзімізбен бірге жүретің. Еңбектен пайда бар. Бәріне жақсы шапағат бар.

Ақсақалдың ұлы Төлегеннен бастап әулеттің 20-ға тарта жақындары тегіс несібесін туған жерінен теруді мансұқ етті. Жыл сайын егістік алқабы ұлғайып келеді. Биыл 10 мың гектар жерден астық жинап жатыр. Озат комбайншылардың бірі немересі Алдияр. Ол Германияда жасалған «Клаас» комбайнының соңғы үлгідегі маркасын сынақтан өткізіп жүр.

Алдияр Дауылбаев:

Ауылға жұмысшы жас мамандарды табу өте қиын. Бірақ менің ойымша келешекте жастар ауылға келеді. Жұмыс істейді. Біз істемесек кім істейді? Шетелдіктер келіп істемейді бізге. Атам айтып еді, ауылға кел, жұмыс істе-деп. Мен оны тыңдадым, еш өкінбеймін.

Ал, тағы бір немересі Руслан өндірістің жас ұйымдастырушысы. Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау күшті. Оның үстіне атадан балаға өнеге болған өмірлік тәжірибем мол. Тың технологияларды игеруден тартынбаймын-дейді ол.

Руслан Дауылбаев:

Бұл сала қазіргі таңда менің ойымша бүкіл кәсіпкерлікте өте маңызды мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін.

Қонырөзек ауылы аумағында қазір бос жатқан жер жоқ. Жұрт диханшылық кәсіпке ден қойған. Жұмыс көп, жұмысшы табу қиын.

Асқар Әбенов, Успенка ауданы әкімшілігінің бөлім басшысы:

Бұлар диханшылар династиясы ауданның ішінде алғаш шыққан. Елге мақтанышымыз ғой біздің олар. Осы кісіге қарап аудандағы қалаға кеткен жастар қазір әке-шешелерінің қасына келіп, осы жермен айналысып, жұмыс істеп жүр.

Биыл аймақта жаз жауын-шашынсыз, құрғақтау болды. Соған қарамастан қожалық бидайдың әр гектарынан 14 центнерден өнім алып жатыр. Бұның сыры сапалы тұқым мен топырақты өндеу талаптарының қатаң сақталуында, - дейді диханшы Дауылбай Сейтқазинов.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу