Қолөнерді кәсіп еткен әулет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қолөнерді кәсіп еткен әулет

19.07.2021

Атасы бақша салады, әжесі тігін тігеді. Ал баласы мен немересі ағаштан түрлі бұйымдар, ат әбзелдерін жасайды. Қостанай облысының Аманкелді ауданына қарасты Үрпек ауылында тұратын бір әулет қолөнерді кәсіпке айналдырған. Осылайша бұл отбасы үшін, атадан балаға мирас болған ұлттық өнер - табыстың да көзі болып отыр.

Ханымша Мұқышеваның жасы 75-ке келсе де қимылы ширақ. Көп уақытын тігін машинасының жанында өткізеді. Отыз жыл агроном боп еңбек еткен ол, зейнетке шыққасын жасынан машықтанған тігінішілікке ден қойды. «Балаларыма той-томалаққа киетін киімді дүкеннен алдырмаймын» дейді кейуана. Өзі тігіп береді.

Ханымша Мұқышева, Үрпек ауылының тұрғыны:
Қостанайға тойға барамыз деп келіндер звондап жатыр. Біз жалға 35 мыңға көйлек алдық деп. Бір күн киеді, 35 мың теңге төлейді. Мен сол кезде дүкенге барып, жылтырақ мата әкелуді сұрап, көйлек тігіп бердім.

Көйлек-көншектің сыртында шебер әже көрпе де тігеді. Тапсырыс та аз емес. Оюлар мен түс таңдауына көркемсурет бойынша жоғары білім алған ұлы Абайғали көмектеседі. Абайғали бүгінде мал өсіретін шаруа қожалығының иесі. Оның сыртында ағаштан тұрмыстық бұйымдардың түр-түрін жасайды. Бұл өнерді әкесінен үйренген.

Абайғали Нұрманбетов, Үрпек ауылының тұрғыны:
Ағаш табақ істеуге көп уақыт жұмсаған жоқпын. Бір жеті. Балтамен шауып шығарамын. Оюларына ғана уақыт көп кететіні.

Абайғалидың ұлы Нұрсұлтан да ата жолын жалғады. Әкесі мен атасының ағаш жонып, қайыс тілгенін жасынан көріп өскен ол, бүгінде ат-әбзелдерін жасаудың хас шебері.

Нұрсұлтан Шәкіров, Үрпек ауылының тұрғыны:
Кейде малға айырбастаймын. Оны өткізіп ақшасына материал аламын. Материал болғанда бұдан қайың, не қарағай әдемі болады. Бұның іші ағаш болады. Сосын сыртын былғарымен қаптаймын. Былғарыны сырттан әкелемін. Тараздан тапсырыспен.

Ал отағасы Шәкір ата бүгінде балта-шот ұстамаса да, кетпен күрегін әлі қолынан тастаған жоқ. Екі жыл бұрын ауылға су желісі тартылғанда, ауласына көкөніс, жеміс-жидек егіп тастаған.

Шәкір Нұрманбетов, Үрпек ауылының тұрғыны:
Мына жерде құлпынай, шие, алмұрттың ағашы, анау жерде черешняның ағашы бар. Анау жақта смородина, малина. Осы бақ болады енді балаларға.

Қолөенрді кәсіп еткен әулеттің ендігі межесі - несие алып, шеберхана ашу. Сол арқылы шәкірт тәрбиелеп, жас ұрпақты кәсібінен нәсіп табуға баулуды көздейді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу