Екі тонна ет, бір тонна күріш: Қызылордада палаушылар сайысқа түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екі тонна ет, бір тонна күріш: Қызылордада палаушылар сайысқа түсті

17.09.2022

Сыр жұртшылығы қала күнін тойлауда. Мерекеге орай 40 қазан палау басылып, ең үздік аспаздар сайысқа түсті. Бір мезетте бір тонна күріш қара қазанда пісіп, жиналған жұрт Сырдың бас тағамынан дәм татты.

«Сыр ана» монументі алаңына тұрғындар таң сәріден жиылды. Жастар алтыбақан теуіп, білектілер боз кілемде белдесіп, әжелер ансамблі ән айтып, мерекенің көркін қыздырды. Ал көпшілік асыға күткен 40 қазанда иісі мүңкіп палау пісіп жатты.

Мақсұт Естаев, аспаз:

Бір ерекшелігі мына Қызылорда облысына келіп жатқан Украин күріші. Соны алып, бәрі жүрексініп тұрғасын мен алып бірінші бастап жатырмын. Палау енді тамаша шығып тұр енді.
Палаушылар сайысын өткізуге аймақтағы іргелі шаруашылық «Абай-Дәулет» компаниясы ұйытқы болды. Жалпы 40 қазан ас әзірлеу үшін 2 тонна ет, 1 тонна күріш, 500 литр пісте майы жұмсалды. Және тек Сыр диқандары өсірген жаңа күріш сорттары басылды.

Этно ауыл бағытында ұйымдастырылған думанды шарада бауырсақ пати, қымыз-шұбат, қауын-қарбыз фестивальдері де қатар өтті. Қала күнін тұрғындармен бірге тойлауға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев та келіп, жиналған жұртшылықты құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:

Бүгін міне, өздеріңізбен бірге аймақтағы Сыр Ана монументі алаңында есте қалар ерекше бір шарада бас қосып отырмыз. Ақ күріштің аймағы атанған айтулы Сыр елінде палау пісірушілердің басын қосқан үлкен сайысты этноауыл форматында ұйымдастырудың символикалық мәні бар деп санаймын.
Қала күні бір ай бойы түрлі тағылымды мерекелерік шаралармен жалғасады.

Ә.Серікұлы

Хабарламаларға жазылу