Әйтпесе, Конституцияның қазіргі ережелері бойынша осы күзде Президент болып сайланатын адамға жеті жылдық мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік беретін заңды жағдайлар туындауы мүмкін. Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев осыған қатысты түсіндірме берді. Тиісті заң жобасы дайын.
Сонымен Президент өкілеттігінің жеті жылдық мерзімі туралы және оның бір реттен артық сайлана алмайтыны жөніндегі нормаларды кейін өзгертуге жол бермейтін ереже енгізу көзделіп отыр. Бір адамның бір рет қана сайланатыны туралы норма Конституцияға енгізілетін түзету күшіне енгеннен кейінгі Президент сайлауында қолданылады. Президент өкілеттігінің жеті жылдық мерзімі белгіленуіне байланысты осы заң жобасында Конституциялық сот судьяларының қызмет мерзімін алты жылдан сегіз жылға ұзарту ұсынылды. Олар да бұл лауазымға қайта тағайындалмайтын болады. Конституциялық Сот бізде 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастайды.