2025 жылға дейін 800 мың оқушыға арналған мектептер салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2025 жылға дейін 800 мың оқушыға арналған мектептер салынады

06.09.2022

Үкімет Президент жолдауын іске асырудың Ұлттық жоспарын бекітті. Маңызды стратегиялық құжат ел экономикасын дамытып, саладағы түрлі түйткілдерді шешуі тиіс. Ол 6 бағыт бойынша 100-ден астам іс-шарадан тұрады. Соған сай Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың жартысы балалардың арнайы шоттарына 2024 жылдан бастап аударыла бастайды. Әрине, бұған дейін айтылғандай ұл-қыздар қаржыны 18-ге толған соң, оқуға не баспана алуға жұмсай алады. Бұдан бөлек, әйелдердің зейнетке шығу жасын арттыруға 2028 жылға дейін мораторий енгізілмек. Ал жөргекпұлды бала бір жарым жасқа толғанша төлеу үшін тиісті заңнамалаларға өзгеріс енбек. Әрі Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу үшін ата заңға да түзетулер енгізілмек. Тағы бір мәселе – үш ауысымды және апатты мектептер. Мәселе бірнеше жылда толық шешілуі тиіс.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Апатты және үш ауысымды мектептердің проблемаларын шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасының шеңберінде 2025 жылға дейін 800 мың оқушы орнына арналған мектептер салынады. Денсаулық сақтау саласында еліміздің ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленуде.

Хабарламаларға жазылу