Жолдауды іске асырудың Ұлттық жоспары бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жолдауды іске асырудың Ұлттық жоспары бекітілді

06.09.2022

Үкімет Президент Жолдауын іске асырудың Ұлттық жоспарын бекітті. Маңызды стратегиялық құжат ел экономикасын дамытып, саладағы түрлі түйткілдерді шешуі тиіс.

Досжан Маратұлы, тілші:

Жолдауды іске асыру жоспарын Ұлттық экономика министрі баяндап берді. Айтуынша, құжат 6 бағыт бойынша іске асады.

Сонымен Ұлттық қорға түсетін инвестициялық табыстың жартысы балалардың арнайы шоттарына 2024 жылдан бастап аударыла бастайды. Әрине, бұған дейін айтылғандай ұл-қыздар қаржыны 18-ге толған соң оқуға не баспана алуға жұмсай алады. Тағы бір мәселе - үш ауысымды және апатты мектептер. Мәселе бірнеше жылда толық шешілуі тиіс.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Апатты және үш ауысымды мектептердің проблемаларын шешу мақсатында «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасының шеңберінде 2025 жылға дейін 800 мың оқушы орнына арналған мектептер салынады. Денсаулық сақтау саласында еліміздің ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленуде.

Бұдан бөлек, әйелдердің зейнетке шығу жасын арттыруға 2028 жылға дейін мараторий енгізілмек. Ал жөргекпұлды бала бір жарым жасқа толғанша төлеу үшін тиісті заңнамалаларға өзгеріс енбек. Әрі президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеу үшін ата заңға да түзетулер енгізілмек.

Досжан Маратұлы, тілші:

Ал заң үстемдігі мен сот төрелігін арттыру мақсатында ауыр қылмыс істегендер шартты түрде мерзімінен ұрын босатылмайтын болады, деді Қуантыров. Үкімет Ұлттық жоспарды бір ауыздан бекітті. Маңызды құжат енді Президент әкімшілігіне жолданбақ.

Хабарламаларға жазылу