Алматыдан Қостанайға 120 тонна қажетті заттар тиелген алты жүк көлігі жөнелтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдан Қостанайға 120 тонна қажетті заттар тиелген алты жүк көлігі жөнелтілді

06.09.2022

Тілсіз жаудан жапа шеккен Қостанай тұрғындарына еліміздің әр өңірінен гуманитарлық көмек жөнелтіліп жатыр. Бір ғана Алматының өзінен кешелі бері 120 тонна азық-түлік пен қажетті заттар жіберілген. Бұл тұрғыда еріктілердің еңбегін елемеске болмас. Шаһарда қазір 200-ге жуық волонтер көмек қабылдау орталықтарында қызмет етіп жатыр.

Рауан Байғабыл кешелі бері қаладағы гуманитарлық көмек қабылдау орталығында еңбек етіп жүр. Ол мұнда тұрғындар әкелген заттарды қабылдап, саралайды. Арыстың жігіті кезінде жарылыс болғанда бізге де мейірімді жандар көмектесіп еді, сондықтан ел басына күн туғанда мен де қол қусырып отыра алмадым дейді.

Рауан Байғабыл, ерікті:

Біз жарылыс болғанда басқа тұратын жеріміз болған жоқ. Шымкент қаласына барғанда, қайтадан Арыс қаласына келгенде де көмек көп болды. Жанашырлықты көрдім, сезіндім. Сондықтан осы нәрсені істеуім керек деп шештім.

Рауан жағдай қалыпқа келмейінше, осында қол ұшын созбақшы. Қазір Алматыдағы гуманитарлық көмек қабылдау және жүк көліктеріне тиеу пункттерінде 200-ге жуық волонтер қолдарынан келгенше еңбек етіп жатыр. Солардың бірі - Ақтолыс Асқарбек. Қайсар қыз университеттегі сабақтарынан соң келіп, басқа еріктілерге жәрдемдеседі.

Ақтолыс Асқарбек, ерікті:

Осы жағдайға байланысты мен қол ұшын созуға келдім. Ағайындарымызға, қандастырымызға барынша қолдау білдіруге дайынмын. Осы қиындықтан жұмыла, ауызбіршілікпен шығамыз деген ойдамын.

Қостанайдағы апатты естіген тұрғындар кешелі бері керек-жарақтың түр-түрін әкеліп, тапсырып жатыр. Бір қуантарлығы олардың басым бөлігі - жастар.

Шыңғыс Бақтығұлы, қала тұрғыны:

Мен осы пункт жайлы кеше теледидардан көрдім. Бүгін бірнеше киім-кешек әкелдім. Зардап шеккен ағайынның пайдасына жарар деген үміттемін.

Кешеден бері Алматыдан Қостанайға 120 тонна қажетті заттар тиелген 6 жүк көлігі жөнелтілді. Тағы екеуі жасақталып жатыр. Қолдан келгенше бар көмегімізді аямаймыз, дейді алматылық ержүрек еріктілер.

Хабарламаларға жазылу