Елімізде инфляция тағы өсуі мүмкін. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, әлемдік тауар бағасының қымбаттауы инфляциялық қысымды күшейтіп отыр. Десе де оны ауыздықтап, қымбатшылықпен күресу үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр дейді, Ғалымжан Пірматов. Бүгін ол базалық мөлшерлеменің жоғары болу себебін және оның экономикаға қалай әсер ететінін түсіндіріп берді.
Қазір әлемде геосаяси жағдай ушығып тұр. Түрлі санкциялар мен логистиканың бұзылуы сауда-саттыққа кері әсер етіп, қымбатшылыққа алып келді. Сондықтан елімізде инфляция 16,1 пайызға дейін шарықтап отыр. Тіпті тағы өсуі мүмкін деген болжам бар.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Осы жылдың тамыз айында инфляциялық күтудің жылдық медианалық мәні 16,5 пайызды құрады. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша жаңартылған болжамдарға сәйкес, біз инфляцияны 16-18 пайыз деңгейінде күтудеміз. Бұл Ұлттық банктің алдыңғы болжамынан жоғары.
Сондықтан инфляцины тежеп, қымбатшылықпен күресу үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,5 пайызға дейін көтерген еді. Енді осы қалпында сақтау туралы шешім қабылдап отыр. Өйткені мөлшерлеменің жоғары болуы қаржы нарығын тұрақтандырады, теңгеге деген сенімді күшейтеді. Бұл аса маңызды. Өйткені көпшілік инфляция өскен кезде, банктегі жинағы құнын жоғалтпау үшін оны қымбаттап жатқан түрлі тауарға, жылжымайтын мүлікке инвестициялауға әуес келеді. Бірақ бұл нарықтағы сұранысты одан сайын арттырып, жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Сол үшін базалық мөлшерлеме жоғары болып, қаржының депозитте жатқаны дұрыс.
Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Біз биыл базалық ставканы өздеріңіз көріп отырсыздар бірталай көтердік. Сол арқылы бірнеше нәтижеге қол жеткіздік. Біріншіден, теңгелік депозиттер асып отыр. Депозиттердің долларлануы төмендеді. Екіншіден экономикаға несие беру, кредит беру әлі де болса өсіп келе жатыр.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, инфляция ендігі жылы баяулап, 7,5-9,5 пайызға дейін төмендеуге тиіс. Болжам сондай. Ал 2024 жылы 5,5-7,5 пайызға дейін азаюы мүмкін. Базалық мөлшерлемеге қатысты келесі шешім енді қазан айында жарияланбақ.
Досжан Маратұлы