Республикалық «IQ Doda» зияткерлік ойыны өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Республикалық «IQ Doda» зияткерлік ойыны өтті

31.08.2022

Республикамыздың ең үздік эрудиттері анықталды. Қонаев қаласында республикалық "IQ DODA" зияткерлік ойыны өткізілді. Ұшқыр ойды қалыптастыруда таптырмас жобаға жастар тарапынан қызығушылық жыл сайын артып келеді. 

Ұлттық жобаның негізгі қатысушылары –жастар, дегенмен оған 18-ден 63 жасқа дейінгі кез-келген азамат қатыса алады. «IQ DODA» зияткерлік ойыны 4 іріктеу кезеңнен тұрады. Содан сараланған кіл мықтылар Қонаевта жиналды. Финалда өңір-өңірден келген 6 топ өзара бақ сынасты.

Ерасыл Толымбекұлы, Облыстық "Рухани жаңғыру" орталығының басшысы:
Бұл жобамыз үшінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Бірінші рет Алматы облыстық турнир ретінде өткізілген. Одан кейін республикалық түрде екінші рет. Қатысушылардың сана-сезіміне жаңадан серпіліс, пайда әкелетіндей осы ойынды қолға алып, ұйымдастырып жатырмыз.

Білімнің толайым табысқа, биік белестерге жетелейтін күш екендігін дәлелдейтін ойын бұл. Мұнда, негізінен, еліміздің тарихы, мәдениеті мен руханиятына қатысты сұрақтар қойылды. Түрлі бағыт пен саланы қамтыған сан түрлі сауалдар қатысушылардың жан-жақтылығын талап етеді. Сол себепті, кейде эрудиция ғана емес, ішкі түйсікпен ойлау да маңызды.

Сонымен, ең көп ұпай жинап, алдыңғы орынға Жетісу өңірінен келген "Жұрттың баласы" командасы шықты. Екінші болып Түркістан облысының "Тұраны" танылды. Ал үшінші орынды сол Жетісулық "Гагарин" тобы қанжығалады. Жеңімпаздарға 500 мың теңгеге дейінгі сертификат пен бағалы сыйлықтар табысталды.

Мақпал Есаева, додаға қатысушы:
Финал туралы айтсақ, қиын болды. Бірақ, біз үшін сәтті болды. Әсіресе, соңғы тур. Өте қуаныштымыз. Ойын керемет, организаторларға көп-көп рахмет.

Бұл жобаның ерекшелігі - ғылымның әртүрлі бағытына бойлау арқылы білімге деген құштарлықты арттыру. Бұл ретте, көркем, ғылыми-танымдық әдебиеттерді оқуға деген серпіліс оянары анық. Қуантарлығы - аталмыш шара, әсіресе, жастар арасында танымал бола түсуде,-дейді ұйымдастырушылар.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу