Үкіметаралық кеңес: Ә.Смайылов саудадағы тосқауылдарды жоюға шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкіметаралық кеңес: Ә.Смайылов саудадағы тосқауылдарды жоюға шақырды

26.08.2022

Саудадағы тосқауылдарды жою, транзит еркіндігі және азық-түлік бағасын тежеу. Шолпан-атада өткен Үкіметаралық кеңесте Премьер-министр Әлихан Смайылов осындай мәселелерді көтерді. Айтуынша қазір Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында алыс-беріс артып, экономикалық көрсеткіштер жақсарып келеді. Мәселен жарты жылдықта тауар айналым 4,8 пайызға өсіп, 12,6 миллиард долларға жеткен. Десе де бірқатар проблема бар. Соның бірі - ұлттық валюта бағамдарының арасындағы бұрмалаушылықтар. Осыған байланысты Премьер-министр орталық банктердің тиісті консультацияларын өткізуді және үкіметаралық кеңестің кезекті отырысына ұсыныстар енгізуді айтты. Бұдан бөлек, саудадағы кедергілерді жою маңызды екенін ескертті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Кедергісіз орта құру – Еуразиялық одақ шартында тікелей жазылған өзара қарым-қатынастың негізі. Барлық қажетті өкілеттіктерге ие комиссия жетекші рөл атқаруы тиіс. Қазір мемлекеттер біржақты тәртіпте енгізуге мәжбүр болып отырған шектеулердің салдарын жою тетіктерін айқындау маңызды.

Биыл Еуразиялық экономикалық комиссияға 10 жыл. Осыған орай Премьер-министрлер Үкіметаралық кеңестен кейін мерейтойлық 10 жылдаққа арналған естелік пошта маркаларына мөр басу салтанатты рәсіміне қатысты.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу