Көмір тапшы: СҚО тұрғындарының қатты отынға қолы жетпей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көмір тапшы: СҚО тұрғындарының қатты отынға қолы жетпей тұр

25.08.2022

Көмір өндірушілер тұрғындарды жылыту маусымы басталмай тұрып қатты отынды дайындап алуға шақырады. Өйткені күн суытқан кезде оның құны өсіп, тіпті табылмай да қалуы әбден мүмкін. Ал осы тұста Петропавлдағы қоймаларда «Шұбаркөл» көмірі мүлде жоқ. Қысы қытымыр теріскейде жылыту маусымы қыркүйекте басталады. Тұрғындардың үштен бір бөлігі ғана қатты отын алып үлгерген.

Теріскей тұрғындары қыста орта есеппен 400 мың тоннадай көмір тұтынады. Қатты отынның келуін күтіп жүргендердің бірі Виктор Пяньков. Зейнеткер жылына 5-6 тонна көмір сатып алады.

Виктор Пяньков, зейнеткер:

Бізге 4 тонна көмір сатып алу керек. Өткен жылдан қалғаны бар. Хабарландыру бойынша көмір жеткізушілерге телефон соғып тұрамын. Әзірге көмірдің келгенін және бітіп қалғанын естіп жүрмін.

Солтүстік Қазақстанда көмір тапшылығы үйреншікті жағдайға айналғандай. Мәселе жыл сайын қайталанады. Бірақ шешімін таппай келеді.

Петропавлда жеке сектордағы үйлердің басым бөлігі орталық жылыту жүйесіне қосылмаған. Облыста қазандық арқылы жылытылатын 1200-ден астам әлеуметтік нысан бар. Олардың 20 пайызы жылыту маусымына дайын емес.

Евгения Островская, Энергетика және түкш басқармасының бөлім басшысы:

Облыста Шұбаркөл көмірі жоқ. Әкелінгені сатылып кетті. Жолда 8 вагон келе жатыр. Бізге көмір жүйелі түрде жіберілмейді. Сондықтан тапшылық туындайды. Мәселені министрлік деңгейінде шешу тетіктері қарастырылуда.

Қыстан қысылмай шығу үшін өңір халқына әлі 260 мың тоннадай көмір қажет. Әкімдік өкілдері қатты отын тасымалы жылыту маусымы бойы жалғасатынын айтты.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу