Түркістан облысында 4 ауылдың халқы көгілдір отынның игілігін көре алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 4 ауылдың халқы көгілдір отынның игілігін көре алмай отыр

07.03.2023

Құбыр бар, бірақ газ жоқ. Түркістан облысының Жетісай ауданында 4 ауылдың халқы көгілдір отынның игілігін көре алмай отыр. Биылғы қыс оларға тіпті қиын соқты. Себебі, тұрғындар көмір таппай сергелдеңге түскен. Газ бен қоса жол мәселесі де өзекті.

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында тұрған Сәкен Сейфуллин ауылында 150-ге жуық түтін бар. Шалғайдағы елдімекенде жарық жиі өшеді. Себебі электр желілері мен бағаналар тозып тұр. Интернет те жоқ. Жұрт көгілдір отынға да қол жеткізе алмай отыр.

Өскенбай Ахов, С.Сейфуллин ауылының тұрғыны:

Биыл мынау қыс қатты болды. Көмір жағы өте қиын болып кетті. Көмір елу мыңға шығып кетті тоннасы. Отын тіпті қиын, көп жанұялар отынсыз отыр қазір.

Мұрат Тұрсынбаев, С.Сейфуллин ауылының тұрғыны:

Біздің ауылға келгенде бюджетте ақша болмай қалады. Әйтеуір бірдеңе болады, жоқ. Тек қағаз жүзінде ғана бізге жауап береді, болды. Жылдан жылға қалдыру, 3-4-5 жылдан бері осы.

Бұған дейін тұрғындар газ келеді деп қуанған еді. Бірақ, басталған жұмыс әлі бітпей тұр.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Елдімекенге 4 жыл бұрын газ құбырлары тартылған. Алайда көгілдір отынға қосылмады. Салдарынан құбырлар қараусыз қалып, кейбірі құлаудық аз-ақ алдында тұр.

Жетісай ауданында, газ құбыры тартылса, 4 ауылдың тұрғындары көмір жағып күн көріп отыр. Ал көгілдір отынмен қамтуға жауапты мекеменің мүмкіндігі әзірге жоба мен жоспарға ғана жетіп тұр.

Берік Мәмбетов, Жетісай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Аудан аумағындағы АГДС дейміз, газ таратушы станциясының қуаттылығы жетіспеушілігіне байланысты елдімекенге газ беру мүмкіншілігі болмауда. Жаңадан жоба жасақталып, АГДС салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұрт көп жылдан бері жол мәселесін де айтып келеді. Жергілікті билік болса бұл шаруа кезең-кезеңімен шешіледі деп отыр. Биыл жол жөндеуге «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаражат қарастырылған. Қазір мердігерді анықтау жұмысы жүріп жатыр.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу