Техас су астында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Техас су астында қалды

24.08.2022

АҚШ-тың Техас штатында дүйсенбі басталған су тасқыны әлі толастамай тұр. Өңір губернаторы Даллас қаласына жақын 23 округті апат аймақтары деп танып, төтенше жағдай жариялады. Қазірдің өзінде бір тұрғын қаза тапқан.

Соңғы екі күннен бері құтқарушыларда тыным жоқ. Десе де үйлерінен шыға алмай, топан судың тұтқынына айналған азаматтарға дер кезінде көмек жетпей жатыр. Себебі тәулік бойы тоқтаусыз жауған нөсер бір мезетте ондаған округтің тіршілігін тұралатты.

Су тасқыны салдарынан әзірге бір адамның көз жұмғаны белгілі. Құтқарушылардың айтуынша, қария кенеттен су көтерілгенде көлігінен шыға алмай қалған. Табиғаттың тосын мінезі өңір инфрақұрлымына да үлкен соққы болды.

Эрик Джонсон Даллас мэрі:

Су тасқыны орасан зор шығын әкелді. Адамдардың үйлерін, кәсіпорындарды жерасты өткелдерін су басты, көліктер де су астында қалды. Негізгі жолдарды шайып, бағдаршамдар мен жол белгілері қирады. Даллас әуежайы рейстерді тоқтатуға мәжбүр болды. Тұтас көлік жүйесіне әсер етті.

Ауа райын болжау орталығының хабарлауынша, бір күнде түскен жауын шашынның биіктігі 38 сантиметрден асқан. Бұл соңғы тоқсан жылда болмаған табиғи құбылыс. Синоптиктер әлі де болса нөрсер жауын қауіпі сейілген жоқ деп мәлімдеді.

Хабарламаларға жазылу