Көкшетау тұрғындары апатты үйлерге наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетау тұрғындары апатты үйлерге наразы

23.08.2022

Көкшетауда 12 отбасы, тұрып жатқан үйлерін апатты деп тануды сұрап отыр. Баспаналары бірнеше жыл бұрын көктемгі су тасқынынан зақымданған. 

Көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылып, жолдар салынғаннан кейін жеке сектор орналасқан жер төмендеп қалған. Салдарынан судың бәрі осында жиналады.

2019 жылы Қылшақты өзені арнасынан асып, осы үйлерді су басып қалған. Сол кезде қалалық әкімдік баспана бұзылып, басқа үй берілетінін айтқан. Алайа ол уәде сөз жүзінде қалды.

Валентина Завадская, қала тұрғыны:

Біз бармаған мекеме қалған жоқ шығар. Айтып жатырмыз бірақ бізді ешкім тыңдамайды. Бұл үйлерді жөндегеннен пайда жоқ. Су жинала береді. Сондықтан біз көмек сұраймыз. Мұнда зейнеткерлер бар. Кішкентай баласы бар отбасылар да тұрады.

Үйлердің іші ылғал. Еденнің асты суға толы. Қабырғалары да құлайын деп тұрған баспаналар бар. Жергілікті билік арықтар мәселесі шешілмейтінін мойындап отыр. Ал үйлерді апатты деп тану үшін тұрғындар өздері әрекет етуі керек екен.

Әділет Рақымжанов, Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Бұл үйлерді апатты деп танудан басқа амал жоқ. Себебі су кететін арықтар салу мүмкін емес. Сондықтан тұрғындар үйдің жағдайын тексеретін сараптама актісін жасайтын компанияларға жүгіну қажет. Олар баспана апатты деп шешім шығарса, тұрғындар кезекке тұра алады. Қазіргі уақытта апатты үйлер санаты бойынша 22 адам кезекте тұр.

Алайда, бұл кезек арқылы тұрғындар қашан баспаналы болатыны белгісіз. Көкшетауда соңғы 2 жылда апатты үй тұрғындары санаты бойынша бірде-бір пәтер берілмеген.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу