Сыр өңірінде диқандар күрішке орақ салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде диқандар күрішке орақ салды

22.08.2022

Сыр өңірі биыл күріштен болатын несібеміз молынан деп болжап отыр. Өйткені, биыл жылдағыдай емес, егін маусымында судан тапшылық болмады. Сырдағы алғашқы орақ салу рәсіміне еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов және облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Сондай-ақ, олар аймақтағы ауылдарды аралап, жөндеуден өтіп жатқан «Қызылорда» су торабының құрылысын көрді.

Егінге орақ салу рәсімі диқандар үшін айтулы мереке. Себебі бұл ерте көктемде басталған еңбектің есебін алар кезі. Биыл Сыр өңіріндегі шаруалар 188 мың гектарға дән сепкен. Оның ішінде 80 мың гектарға жуығы – күріш.

Қайрат Нұрсейітов, «АҚЖАРМА И К» ШҚ төрағасы:
Биылғы егініміз өте жақсы болды. Су аз болады дегеннен насостар қойып дайындалғанбыз. Биылғы жылдың жазы да ерекше болды. Егіншілер айтады ғой күріштің жылы деп. Биыл күріштің жылы. Жақсы өнім аламыз деген үміттеміз. Биыл енді өзіміздің жобамыз 70-тің үстіне шығамыз ба деп тұрмыз.

Қызылорда облысы елге қажетті күріштің 90 процентін өндіреді. Ішкі нарықтағы сұранысты толық жауып отыр. Дегенмен салада бірқатар түйткілді мәселе бар. Сондықтан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев күріш шаруашылығын су тапшылығы жағдайында дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылдауы керектігін айтты.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
Өңірде күріш өсіру экологиялық маңызға ие. Және күріштік алқаптарды суға бастыру арқылы топырақтың тұздануын төмендетуге мүмкіндік беретіні бәрімізге белгілі. Сол себепті күріш егілмей қалған топырақта басқа дақылдың өндірілуі мүмкін емес. Су тапшылығы жағдайында күріш шаруашылығын одан әрі дамыту үшін бізге арнайы бағдарлама қабылдау қажет. Осы бағытта кешенді бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз.

Облыс әкімі өңірдегі суармалы жерлерді шұғыл түрде қалыпқа келтіру мәселесіне де тоқталды. Өйткені қазір 178 мың гектар жерден айырылып қалу қаупі бар. Бұл күні министрлер «Қызылорда» су торабын жөндеу жұмыстарымен де танысты. Құны 3 млрд теңге болатын жоба былтыр басталған. Келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Сол кезде гидронысаннан жіберілетін су мөлшері артады. Сапар барысында министрлер Нағи Ілиясов ауылында да болды. Елді мекендегі ілкімді істерді көріп, «Еңбекшілер» аллеясының құрылысымен танысты.

Қозы Көрпеш Жасаралұлы


Хабарламаларға жазылу