Алматы облысы: Арқабай ауылының тұрғындары елеусіз қалғандарына наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы: Арқабай ауылының тұрғындары елеусіз қалғандарына наразы

19.08.2022

Елеусіз қалған елдімекен. Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Арқабай ауылының тұрғындары арнамызға хабарласып, шағымын айтты. Олардың сөзінше, мыңнан астам халқы бар елдімекенде газ, мектеп, балақша, тіпті, әкімі де жоқ. Қажыған тұрғындар жақын арада көгілдір отынға қол жеткізбесек, ауыл іргесінен өтетін маңыздағы тас жолды бөгеп тастаймыз деп бекініп отыр. 

Бұл күйбең тірліктен мезі болған халықтың жанайқайы. Олардың бар арманы - көгілдір отынға қол жеткізу. Шағымымызды тыңдайтын басшы да жоқ, дейді ашынған жұрт.

Рашид Сабирьянов, ауыл тұрғыны:
Ауылдан 500 метр қашықтықта газ құбыры өтіп тұр. Соны кіргізіп бермей отыр. Маңайдағы барлық елдімекен көгілдір отынмен қамтылған. Жыл сайын құрғақ уәдемен құтылып кетеді.

Тұрғындардың сөзінше, көмір мен отын бағасы жыл сайын қымбаттап жатыр. Қыстан қысылмай шығу үшін кем дегенде 200 мың теңге қаражат қажет. Бұл көпбалы отбасылар мен зейнеткерлердің қалтасына біршама ауырлық түсіріп отыр.

Любовь Крючкова, ауыл тұрғыны:
Ағаш пен көмірді ертерек, мамыр-маусым айларында алып қоямыз. Өйткені, жаздың соңына немесе күзге қарай бағалары шарықтап кетеді. Мен өзім екінші топтағы мүгедекпін. Алатын зейнетақым жетпей қалып жатады.

Газдандыру жұмысы 2019 жылы қолға алынған. Дегенмен, шаруаға жауапты инвестор міндетін орындамапты. Панфилов ауылдық округ әкімдігіндегілер Арқабай ауылына газ тарту мәселесі қаралып жатқанын жеткізді.

Дулат Дәулетәлиев, Панфилов ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:
Жобасы жасалынып жатыр. Оған 11 млн теңге бөлінген. Жоба желтоқсан айында мемлекеттік сараптамадан өтеді. Одан кейін жұмысқа кірісеміз.

Сондықтан ауыл халқының көгілдір отынға нақты қай уақытта қол жеткізетіні әзірге белгісіз. Газ тұрмақ, тұрғындар үшін жарық мәселесі де өзекті.

Әкімдіктегілер 100-ден астам электр бағаны мен сымдарды ауыстырса мәселе шешіледі деп отыр. Тұрғындарды алаңдататын тағы бір түйіткіл - мектеп пен балақшаның жоқтығы. Оқушылар 5 шақырым жерде орналасқан көрші ауылға қатынап оқиды.

Білім ошағын салу үшін оқушылар саны 300-ден асуы керек. Ауылдағы мектеп жасындағы балалар 200-ге жетпейді. Ал әкімдіктегілердің сөзінше, балабақша салуға жер жоқ. Себебі, кезінде барлығы жекенің қолына өтіп кеткен.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу