Алматы іргесіндегі Дәулет ауылының тұрғындары газ, ауыз су, жол мәселесін айтып шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы іргесіндегі Дәулет ауылының тұрғындары газ, ауыз су, жол мәселесін айтып шағымданды

12.07.2022

Өркениеттен мүлде ада қалдық. Алматы іргесінде орналасқан Дәулет ауылының тұрғындары газ, ауыз су, жол мәселесін айтып, Ұлттық арнаға шағымданды. Олардың айтуынша, елдімекенге бірде-бір автобус қатынамайды. 5 мыңнан аса тұрғыны бар ауылдың әлеуметтік мәселесі қашан шешіледі? 

Жазира Оразқызы, тілші:

Алматы іргесінде тұрса да, «Дәулет» ауылының тұрғындары 30 жылдан астам жол азабын тартып келеді. Газ, су, балалар алаңын айтпағанның өзінде, елдімекенде мектеп пен балабақшаның өзі қат. Дамуымыз кенжеледі деген дәулеттіктер алақандай ғана ауылымыз елеусіз қалды деп ренжулі.
7 баланың анасы Айзада Қаһарманованың осы ауылда тұрып жатқанына 8 жылдан асты. Көгілдір отын тартылар деген бос қиялдан шаршаған. Өзі жақында ғана операция жасатып, енді денсаулығы үшін күтім керек. Бірақ оған ешқандай жағдай жоқ.

Айзада Қаһарманова, Дәулет ауылының тұрғыны:

Қыстың күні көмір тасып, не көмір таситын машина келе алмайды, жол жоқ. Күні-түні шыға алмаймын баламен. От жағып, тастап кетсең тағы, өрт болып, не пожарный, не скорый келуінің өзі қиын.
Тұрғындарды мезі еткен басты мәселенің бірі осы – жол. Жаяу адамның да, көлікпен жүретіндердің де қатынауы қиын. Жауын-шашын болғанда, ауыл шетінде тұратындардың көретін азабы көп.

Жанар Ислямова, Дәулет ауылының тұрғыны:

Қазір жол жасалып жатқан жоқ, жасалып жатыр 3 км, бірақ менің үйіме жақын келмейді. Менің үйіме хотя бы 2-3 күн жақын келмейді бұл жолдар. Мына жолға қаражат дұрыс бөлінбей жатыр.
Дәулеттіктерді ауыз судың да жағдайы алаңдатып отыр. Кейде күндіз тоқтап қалатындықтан, тіршілік нәрін түні бойы күзетеді.

Әсем Атагелдиева, Дәулет ауылының тұрғыны:

Біз өте қатты қиналдық. Жазда күн ыстық, 40 градуста ыстықта сусыз отырдық. Түнгі 12-де береді, насостың күші жетпейді 2-этажға. Түнгі 3-ке дейін су аламыз.
Алып шаһарға жақын орналасқан ауылға автобус та жүрмейді, әсіресе, қалаға қатынап жұмыс істейтіндер жол үстінде көлік тоқтатуға мәжбүр.

Амантұрды Шағатайұлы, Дәулет ауылының тұрғыны:

Таңертең 6-да Саяхатқа жүреді, кешке қарай бері қайтады. Болғаны 1 рейс. Карантиннің кезінде ол да жабылды. Қазір автобус жоқ.
Ауылдағы балаларға арналған жалғыз ойын алаңы да осы. Сондықтан ата-аналар спорт кешені мен мәдениет үйі, түрлі үйірмелер болса дейді. Халықты алаңдатқан мұндай мәселелерден Қайнар ауылдық округының әкімдігі де хабардар.

Нұрбол Есентаев, Қайнар ауылдық округы әкімінің м.а:
Ең бірінші проблема газ бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалу үстінде. Жылдың аяғына дейін біту жоспарланған. Жолға кеп тоқталсақ, сұраныстар беріліп жатыр. 2022 жылы 3 км-ге тас-құм төсеуге қаражат бөлінді. Қаражаттың бөлінуіне байланысты жұмыстар жасалады.
Тұрғындардың сөзінше, елдімекендегі әлеуметтік түйіткілдер ұзақ жылдардан бері шешілмей келеді. Дәулеттіктердің ендігі арманы - мәселеміз шешіліп, халыққа жағдай жасалса дейді.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу