Алматы облысындағы Қызылқайрат ауылының тұрғындары жарыққа жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы Қызылқайрат ауылының тұрғындары жарыққа жарымай отыр

30.10.2018

Ауызсу мен жарыққа жарымаған жұрт шу шығарып, жаға жыртысты. Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Қызылқайрат ауылының тұрғындары 10 жылдан бері бітпес дауға нүкте қоя алмай дал. Елді мекенге келіп тұрған игіліктен шет қалған олар арнамызға хабарласып, шешімін таппаған шетін мәселені тиісті орындарға жеткізуімізді сұрады.

Қызылқайрат ауылында осылай күнде төбелес, бітпейтін айқай. Бұл даудың басы жарық тарту үшін қаржы жинаудан басталған. Оның арты өшпенділік пен қастыққа ұласып, енді осы дау-шарға төрелік айтатын жан табылмай тұр. 

Шолпан Жақанова, Қызылқайрат ауылының тұрғыны:

- Қиып тастайды. Кезінде шаруа қожалығына жеті миллиондай ақша жинап бергенбіз. Оның басшысы Еркебұлан деген жігіт. «Осы жердің қожайыны менмін» дейді де, кез келген уақытта өшіріп тастайды. Жарық 2-3 күнге дейін болмайды.  

Өзгенің қабағына қараған қызылқайраттықтар қалталарынан қаржы шығарып тартқан тоқты әлдекімнің иеленіп кеткеніне қапалы. «Өйткені, онсызда таза судан тарығып, жол азабын тартып отырған кезде жарықсыз тірлігіміз тұралап қалды», - дейді олар. 

Тұрғындардың өз күштерімен орнатқан жарықтарының, бағаналарының сиқы осы үп еткен жел соқса, жерге құлайын деп тұр. Сондықтан, тұрғындар балаларымыз тоққа түсіп қала ма деп алаңдаулы. 

Ауылдықтардың бұлай алаңдауына негіз бар. Себебі, олар белгіленген тәртіппен тартылмаған желіде тоқ тұйықталса, ойда жоқта от шығып, өртеніп кетеміз бе деп қауіптенеді. 

Мәселенің мән-жайын білу үшін ауыл әкімдігіне бардық. Алайда, әкім түгілі, бірде-бір маман қарасын көрсетпеді. Сондықтан, жергілікті биліктен қайыр болмаған соң амалы таусылған тұрғындар прокуратураға арызданып, «жауаптыларды сотқа береміз», деп бекініп отыр. 

 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу