Түркияда нөсер жаңбырдан соң сел жүрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда нөсер жаңбырдан соң сел жүрді

16.08.2022

Түркияның бірнеше өңірінде нөсер жауынның кесірінен үйлер мен жолдарды су басып, ағаштар құлады. Кей әуе рейстері кейінге шегеріліп, қоғамдық көлік қатынасы қиындады. Лай көшкінінің кесірінен 1 адам қайтыс болып, бірнеше адам жараланған.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Қазір жағдай тұрақталды. Бүгін күн ашылып, жел басылды. Ал кеше Түркияның солтүстік-батыс өңіріндегі бірнеше қалада нөсер жаңбыр мен қатты желдің кесірінен жолдар жабылып, үйлерді су басқан болатын. Атап айтқанда Анкара, Ыстамбұл, Болу және Бурса қалаларында қатты жауынның соңы селге ұласып, аз уақытта жолдар көлге айналды. Қатты желдің кесірінен Анкарада үстіне бетон бағана құлаған 21 жастағы жігіт қайтыс болса, Ыстамбұлда лай көшкінінен бірнеше адам жараланған. Сондай-ақ Ыстамбұлдың Сабиха Гөкчен әуежайында бірқатар рейс кейінге шегеріліп, қонатын ұшақтар өзге қалалардың әуе айлақтарына жөнелтілді. Мамандар бүгін кешке тағы да жаңбыр жаууы мүмкін деген апаттық хабарлама таратып отыр.

Юксел Яған, Метеорология басқармасы анализ және болжам бөлімінің басшысы:

Осы аптада еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінде тағы да жауын жауады. Кей өңірлерде қатты жел тұруы ықтимал. Ауа райы тез құбылуы мүмкін. Сондықтан халықты мұқият болуға шақырамыз. Мамандар тарапынан жіберілген хабарламаларға назар аударуды сұраймыз.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Қазір Түркияда туристік маусым екені белгілі. Мамандар қатты толқындардың кесірінен Қара теңіз жағалауындағы туристердің теңізге түсуіне де тыйым салды. Сондай-ақ Ыстамбұлдағы Босфор бұғазы көшкіннің кесірінен лайланып кеткен. Елдің төтенше жағдайлар қызметі кешегі жауынның кесірінен 500-ге жуық үй мен жұмыс орнын су басқанын хабарлады. Қазір соларды тазалау жұмыстары жүріп жатыр.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу