Эпидемиолгиялық ахуал: Балаларға 5 жастан бастап вакцина салынуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эпидемиолгиялық ахуал: Балаларға 5 жастан бастап вакцина салынуы мүмкін

12.08.2022

Коронавирусқа қарсы вакцина 5 жастан бастап салынуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігінің қазір екпе салу жасын төмендету мәселесі қаралып жатқанын айтты. Өйткені, індетке шалдыққандардың 30 пайызы - балалар. Басым бөлігі 5-12 жас аралығында.

Денсаулық сақтау министрлігінің консультативтік комитеті балаларды вакциналау жасын төмендетуді қарастырып жатыр. Ол халықаралық ұйымдардың шешімінен соң белгілі болады. Елдің штаттан тыс бас инфекционисті Динагүл Баешева қазір тиісті құжаттармен танысып жатқанын жеткізді. Қазір Қазақстанда тек 12-ден асқан жасөспірімдерге ғана вакцина салуға рұқсат берілген. Сондай-ақ, дәрігер жаңа туған балаларда вирустың клиникалық белгілері байқалса, дереу ауруханаға жатуға кеңес берді. Жалпы,жыл басталғалы жеті мыңнан аса бала COVID-19 жұқтырған. Оның 95 пайыздан астамы жазылып шықты.

Динагүл Баешева, ҚР ДСМ штаттан тыс бас инфекционисті:

Алматы, Нұр-Сұлтан қаласында , Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облысында ауруханаға жатқызылған балалар көп. Олардың ішінде - ауырлығы орташа дәрежедегі балалар - 75%, ауыр дәрежеде - 1%, қалғандарында сырқаттану жеңіл өтіп жатыр. Қазір көріп отырғанымыздай, барлық жас топтары арасында ауру біркелкі таралуда. Ауруханаға жатқызылған науқастардың клиникасына ерекше назар аудару керек.

Қазір ел бойынша 308 бала жұқпалы аурулар орталығында ем алып жатыр. Осы айдың 11 күнінде ауруханаға жатқызылу жиілігі 30 пайызға дейін азайған. Бұдан бөлек, коронавирус жұқтырғандар да кездесетін симптомдар өзгерген. Әсіресе, балаларда. Науқастың дене қызуы көтеріліп, қатты жөтел пайда болады, тыныс алуы қиындайды.

Енді елдегі эпид ахуалға қысқаша тоқталсам. Елорда «жасыл» аймаққа қайта оралды. Барлық өңір бағалау матрицасының «жасыл» белдеуінде орналасқан. Өткен тәулікте COVID-19-дың 1643 жағдайы тіркелді. Ең көбі Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы мен Қарағанды облысында. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сай, ел бойынша 24 мыңнан аса адам коронавирустан емделіп жатыр. Олардың 95 пайызы үйде, мыңнан астамы ауруханада емделіп жатыр. 33 адамның жағдайы ауыр. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният коронавирус тұмау вирусы секілді жиі мутацияға ұшыраса, жыл сайын вакцина алу қажет болуы мүмкін, дейді. 

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу