Жетісу облысында 110 шақырым жолды 5 жыл салып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында 110 шақырым жолды 5 жыл салып жатыр

09.08.2022

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Лепсі ауылынан бері қарай тек осындай көрініс. Жолда қалған жолаушылар, дөңгелектері жарылған көліктер. Дөңгелектің тесілуіне де негізгі себеп, уақытша жолға төселген пышақтың жүзіндей осындай өткір тастар.

Балқаш көлінің жағасында демалуға шыққан мына отбасының жоспары ойдағыдай болмапты. Себебі көліктің екі дөңгелегі қатарынан жарылған. Бұл жақтағы халықтың осылай жол азабын тартып келе жатқанына бірнеше жыл болды.

Сәкен Оразбай, Жансүгіров ауылының тұрғыны:

Жол енді өздеріңіз көргендей. Машина дөңгелектерін көрдіңіз. Үйге жетудің өзі қиындау болатын сияқты. Балалардың көңіліне қарап келгеніміз осы еді.

Тапсырыс берушілер бұл ұзақ мерзімді жоба екенін айтады. Қаржы бөлінуіне қарай жұмыс та жүреді. Қалған 75 шақырым жолды жаңартуға 15 млрд теңге жұмсалмақ. Қазір ескі жолдың асфальты қопарылып, уақытша жолдарға төгілуде.

Мәди Әліпбаев, Жетісу облыстық автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

2022 жылға дейін 2,4 млрд теңге қаржы игерілсе, биылға 2022 жылға 2,8 млрд теңге бөлінді.

Бұдан бөлек Лепсі ауылынан Балқаш көліне дейінгі 27 шақырым жол да жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстар да келер жылдың соңына дейін аяқталмақ. Алайда бес жылдан бері жол азабын көріп келе жатқан халық, жұмыс мерзімінде бітпей қалама деп алаңдап отыр.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу