Елорда маңындағы Кіші Талдыкөл су айдыны құрып кетудің аз-ақ алдында тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда маңындағы Кіші Талдыкөл су айдыны құрып кетудің аз-ақ алдында тұр

04.08.2022

Елорда маңындағы Кіші-Талдыкөл су айдыны құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Осылай деп дабыл қаққан табиғат жанашырлары бәзбіреулер көлді жермен жексен етіп жатыр дейді. Бұған дейін Талдыкөлді құтқаруға талпынғандар сотқа шағымданған. Сот су айдынын сақтап қалу туралы шешім де шығарды. Алайда, көл учаскелеріне су сорғыту насостарын орнатып, құрғаған жерлерге топырақ әкеліп төге бастаған.

Сәбит Әлдебай, тілші:

Біз тұрған мына кіші Талдыкөлдің жағасы анау тұрған қамыстардан басталған. Бұл тоғызыншы учаске «су айдыны ретінде сақталып қалуы керек» деген соттың нақты шешімі шыққан. Ал мына белгісіз компания көлді құрғатуға барын салуда. Бұлай жалғаса беретін болса біз кіші Талдыкөлді таппай жер сипап қалуымыз мүмкін.

Табиғи көлге топырақ төгіп жатқан жүк көліктерінде есеп жоқ. Батпаққа батып жатса да тоқтайтын түрлері көрінбейді. «СОС Талдыкөл» белсенділер тобының мүшесі Арман Жахин көлге жасырын тартылған үлкен құбырды анықтаған. Көлді тез арада құрғатуды ойлағандар талдыкөлдің суын қаланың шайынды суына құйып жатыр.

Арман Жахин, табиғат жанашыры:

Мен шілденің 26 күні осында келіп 6 учаскеден су сорғытып жатқанын түсіріп алдым. Ертесі күні есіл бассейндік инпекциясымен келіп, экологиялық полиция шақырып, акт толтырттық. Алайда ертесі күні насостар жоғалып кетті. Экологиялық полицияның сөзінше насосты иелері алып кеткен дейді. Алайда ол кеше түнде тағы пайда болды. Бірақ әзірге ешқандай тексеріс жүріп жатқан жоқ.

Бұған дейін кіші талдыкөлдің төрт бірдей учаскесі құрғап қалып, құрылыс компанияларына берілген. Нұрсұлтан қалалық ауданаралық соты қалған учаскелерді сақтап қалу туралы шешім шығарған. Ал, су айдындарының сақталуына жауапты мекеме мамандары заңсыз қойылған мотопомпаның иесін анықтау үшін полицияға жүгінген. Әзірге жауап жоқ дейді. Осылайша заңнан аттағандарды жазалау мүмкін болмай тұрғанға ұқсайды. Ал, көлге топырақ төгіп жатқанын түсірілім тобымыздан естіп білдік деп айды астаннан шығарды.

Нұрсұлтан Тастанбек, Есіл бассейндік инспекциясы мемлекеттік бақылау бөлімінің бас маманы:

Су айдандарынынң көмілу фактілері табылса онда департамент полиция қызметкерлеріне хабарлассаңыздар болады.

Сот шешімі орындалғанға дейін мұнда ешқандай құрылыс жүрмеуі тиіс. Табиғат жанашырлары арызын құрылысқа жауапты мекемеге де жолдаған. Олар кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторийді желеу етіп, жауап бермеген. Ал, қала әкімдігі бұл жағдай бойынша сұқбат беруден бас тартып отыр.

Сәбит Әлдебай, тілші:

Қарап тұрып көз тынығатын мына көлде жан-жануардың 200 ден астам түрі мекен етеді. Экологтар мұнда қызыл кітапқа енген 10 жануардың барын анықтаған. Бұл көлдің суын сорғытуды тоқтатпаса аққу ұшып қаз қонған бұл көл де экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу