«Қайсар» футбол клубы жабылудың аз-ақ алдында тұр

23.10.2020

Кәсіби спортты мемлекет қазынасынан қаржыландыруды доғару керек. Мемлекет басшысының осындай тапсырмасынан кейін футбол клубтарының басына қара бұлт үйірілді. Бүгінде бюджеттің бүйірін тескен бірқатар футбол командалары сатылымға шығарылды. Қазақ футболына жылына қанша қаржы жұмсалады? Оның қайтарымы бар ма, жоқ па Әділбек Серікұлы зерделеп көрді. 

Қызылорда облысының әкімдігі «Қайсар» футбол клубын электорнды аукционға қойды. Сырдың бас командасының бастапқы құны 104 миллион теңге. Алайда алғашқы сатылымда бірде-бір сұраныс түспеген. Енді екінші мәрте саудаланбақ. Жыл сайын қыруар қаржы құйып, есепсіз шығынға батыратын команданы жергілікті әкімдік мемлекет үлесінен шығарып, жеке кәсіпкердің еншісіне беруді көздейді. 

Жалғас Садықбаев, «Қайсар» ФК заңгері:
«Қайсар» Қызылорда облысы ЖШС өзінің жарғылық капиталының 51 пайыз үлесі сатылымға шығарылуда. Сол 104 миллионның 15 пайызын салып, кез келген жеке және заңды тұлғалар осы аукцион арқылы қатысып, өтінім білдіре алады. 

Қызылордалық клубқа қожайын табылмаса, «Ертістің» күйін кешуі ғажап емес. Павлодарлық клуб секілді, жабылып қалуы да мүмкін. Кезінде Қазақстанның 5 дүркін чемпионы атанған керекулік команда белшесінен қарызға батып, биыл чемпионаттан шығып қалды. Даңқты «Ертістің» қазір аты да қалмады. 

Нұрлан Есембаев, Облыстық туризм және спортты дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
«Ертіс» футбол клубының қарызы команданың жылдық бюджетінен асып кеткен. Сондықтан клубтың жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданды. Қазір Павлодар облысынан Бірінші лигада «Екібастұз», екінші лигада «Ақсу» командалары қатысуда. Екі клуб та облыс бюджетінен қаржыландырылады.

Былтыр Ақтөбе футбол клубы да миллиондаған қарыздан зорға құтылып, төменгі лигаға түсіп қалған. Ал облыс әкімдігі бірнеше жылдан бері жергілікті футбол клубын сата алмай әлек. Биыл тағы да аукционға шығарды. 28 қазанға дейін сатып алушы табылып қалар деп үміттеніп отыр. 

Әділбек Серікұлы, тілші:
Жалпы өткен жылы еліміздің футбол клубтарына мемлекет қазынасынан 34 миллиард, ал биыл коронавирус пандемиясына қарамастан 40 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда қолдау болғанымен, қайтарымы аз болып тұр. Осы маусымда отандық клубтар Еуропа бәсекелерінде сүреңсіз өнер көрсетіп, жанкүйерлерді жерге қаратты. Миллиардтаған қаржыны бұлай желге ұшырмай, одан гөрі жасөспірімдер футболын дамытуға спорттық инфрақұрылымды жақсартуға басымдық берген елге әлдқайда тиімді.    

Әділбек Серікұлы

футбол қайсар ертіс қаржы

Хабарламаларға жазылу