Сыр өңірінде «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі аяқталды

01.08.2022

Сыр өңірінде шаңырақ шаттығын паш еткен «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі аяқталды. Сайысқа биыл 178 жанұя қатысып, соның 17-і ақтық кезеңде бақ сынады.

Бақ-береке тұрақтаған үлгілі шаңырақтың бірі Шиелі ауданындағы Байжановтар жанұясы. Ғасыр жасаған абыз ақсақал Сәрсенбек Байжанов Сталинград түбіндегі шайқаста ерлік көрсетіп, екінші дәрежелі «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Ал жұбайы Жәмила апа 11 ұл-қызды дүниеге әкелген батыр ана. Ұрпағымен қызығын көріп, шөпшектің қолынан су ішіп отырған қарт майдангердің жанұясы «Мерейлі отбасы» байқауының бас жүлдесін еншіледі.

Нұржамал Байжанова, байқау жеңімпазы:

Бірі батыр ана, әкеміз Ұлы Отан соғысының ардагері. Сол кісілердің арқасында осы жүлдеге жетіп отырмыз. Бұл бізге үлкен міндет жүктейді. Әкем терме айтып отырады, термедегі әрбір сөз маған өміріме өнеге болды деп айтамын.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы осымен сегізінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Сыр өңірінде бүгінге дейін 1700-ге жуық жанұя осы сайыста бақ сынады. Байқаудың жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, мазмұны артып келеді. Биыл ақтық кезеңге жолдама алған 11 отбасы арнайы номинациялар бойынша марапатталды.

Манар Бердібаева, байқауға қатысушы:

«Өнегелі отбасы» номинациясының жүлдегері атандық, Бердібаевтар отбасы. Әкеміз бен анамыз жақсы ұрпақ тәрбиелеп, жақсы азамат қылып шығарғаны үшін еңбектерінің жемістері. Біз енді осы өнегелі отбасы атағын әрі қарай жақсы ұстап, өнегелі отбасы болып жүруді мақсат етеміз

Облыстық кезеңде оза шыққан Байжановтар жанұясы енді республикалық сайыста аймақ атынан сынға түспек.

Елжас Қайырбекұлы


Хабарламаларға жазылу