Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылады

28.07.2022

Нөсер жауын мен дауылға байланысты жұмысы тоқтаған Атырау мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылады. Қазір кәсіпорын шикізат қабылдау үшін кешенді дайындықты бастады.

Жандос Темірғали, тілші:

Шығын көлемі зауыт толық іске қосылғаннан кейін ғана есептеледі. Кәсіпорынның жұмысы әлі де тоқтап тұр. Қазір қондырғылар жөнделіп, құбырлар тазаланып жатыр. Егер қалпына келтіру және құрылғыларды сынақтан өткізу сәтті аяқталса, бүгін түнге дейін шикізат өңдеу басталады. Эфир алдында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев зауытқа арнайы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысқан болатын. Біз сол кезде жауаптылардың бірінен сұқбат жазып алдық.

Мұрат Досмұратов, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС Бас директоры:

Қазіргі уақытта зауыттың жалпы шаруашылығындағы азот станциясы, сумен жабдықтау блогы және бастапқы қондырғылар да жұмыс істеп тұр. Қалғандарын іске қосу орындалып жатыр. Зауытқа келген зиян туралы айту әлі ерте. Ол қондырғыларды іске қосу кезінде анықталады

Жандос Темірғали, тілші:

Компания басшылығы зауытта автобензиннің 26 мың тонна, дизель отынының 22 мың тонна, керасиннің 4 мың тонна қоры бар деп отыр. Оны тұтынушыларға жеткізу үшін шамамен бір аптадай уақыт керек. Айта кетейін, кеше өңірде нөсер жауын жауып, арты дүлей дауылға ұласты. Сол кезде кәсіпорынға жарық беруші КЕГОГ компаниясы электр қуатын жоспардан тыс тоқтатып тастаған еді. Бұл кәсіпорынның жұмысын тұралатты. Экологтар кешегі мұржадан будақтаған қара түтінге байланысты тексеріс жүргізіп жатыр. Қорытындысы әлі шықпады. Жалпы Атырау мұнай өңдеу зауытына қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін жыл басынан бері 60 млн теңге айыппұл салынған.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу