Газ станциясы өртенді: 3 адамның жағдайы ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Газ станциясы өртенді: 3 адамның жағдайы ауыр

26.07.2022

Елордадағы газ толтыру станциясындағы өрттен зардап шеккен 4 адамның үшеуінің жағдайы ауыр. Дәрігерлер олардың аман қалуы туралы болжам жасаудың өзі қиын, дейді. Ал сау-тамтығы қалмай жанып кеткен бірнеше кәсіпорынның иелері қып-қызыл шығынға баттық деп налиды. Өрттің шығуына не себеп? 

Газ станциясы аумағында болған өрттен осындағы 6 бірдей ғимарат жанып кеткен. Өздеріңіз көріп тұрғандай бәрі бір-біріне жақын, өте тығыз орналасқан. Қызыл жалын жалпы 2000 шаршы метрді шарпыған. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, өрт толығымен сөндірілсе де түтін әлі бықсып тұр.

Өрт түнгі ондардың шамасында тұтанған. Төтенше жағдай мамандары барғанда жиһаз жасайтын бірнеше цех, қойма мен жатақхана түгел отқа оранған. Ең соңғы болып үйіне қайтқан Асқар мұнда жиһаз құрастырушы болып жұмыс істейді. Айтуынша, кеше кешкісін сағат алтыдан бастап газдың өткір иісі шыға бастаған.

Әсет Бітішев, жиһаз құрастырушы:

Кеше үйге сағат сегіздің шамасында қайттым. Сол кезде қатты газдың иісі шығып тұрды. Шынымды айтсам, мен сол иіске шыдай алмай кетіп қалдым. Ол кезде мұнда ешкімді байқамадым. Өзім цехтың есігін құлыптап, жарықты сөндіріп, токты суырып кеттім. Кілтті күзетшіге қалдырып, газдың иісі шығып жатыр дедім.

Газдың иісі қатты шығып жатқанын кәсіпкерлер осы аумаққа жауапты адамдарға бірнеше рет ескерткенін айтады. Бірақ, оған мән берген ешкім жоқ, деп күйінеді. Отыздан астам адамды жұмыспен қамтып отырған жиһаз өндіру цехының басшысы шығын біренше миллионнан асады дейді.

Эльдар Мыңайдаров, жиһаз өндіру цехының басшысы:

Бұл жерде біздің үш цехымыз бар. Жұмыс уақыты сағат кешкі жетіге дейін. Негізі бұл газдың иісі күніге шығады, бірақ кешегісі өткір болды. Мұнда үнемі газ құяды ғой ,сондықтан оған онша мән бере бермейтінбіз. Жұмысшыларымыздың басы ауырып, мазасы қашқан соң басшыларға айттық. Құдайға шүкір біздің балалардың бәрі аман. Біздің компания үлкен шығынға ұшырады шамамен есептегенде 70 миллион теңге шықты.

Қызыл жалынның нақты неден шыққаны белгісіз. Анығы, кәсіпорынның барлығы көгілдір отынды пайдаланған. Қазір оқиға орнында сараптама жасалып, зерттеу жұмыстары басталды.

Бекболат Оразханұлы, ТЖД анықтау бөлімінің аса маңызды істері бойынша аға анықтаушысы:

Өрттің шығу себебі қазірше анықталуда. Оны нақты өрт қауіпсіздік қызметкерлерінің зерттеу қызметкерлері анықтаған кезде толық айтатын боламыз. Аумақтың қожайыны жүр мына жерде, газдың иісі шығу бойынша сұрақтар қойылған болатын. Алайда өзі ешқандай газдың иісі сезілмегенін айтады. 

Өрт кезінде 4 адамды күйік шалды. Үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары - ауыр.

Жеңісбек Нұржігітұлы, Нұр-Сұлтан қалалық №1 көпбейінді аурухана директорының орынбасары:

60-тан 85 пайызға дейін терісі өрттен зақым келген. Тыныс алу органдарына да зақым келген. Шкала бойынша жағдайлары өте нашар. Сол енді қандай болжам болады екен қазіргі уақытта айтуға болмайды.

Белгілі болғандай зардап шеккендер жатақханада тұрған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу