Жол ережесін бұзған жүргізушілер енді айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлей алмауы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Яғни көлік тізгіндегендер ережені 5 реттен артық бұзса, көрсетілген соманы толық төлеуі тиіс. Бұған дейін азаматтар айыппұлды 1 апта ішінде өтесе, қаржының тек жартысын төлеуге мүмкіндігі болды.
Жандос Мұратәлиев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қала сыртындағы трассаларда "орташа жылдамдықты" арттырғаны үшін көлік құралдарының жүргізушілерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігін көздейтін түзетулерді пысықтауда. Бір жылдың ішінде 5-тен көп әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жүргізушіні айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеу құқығынан айыру қарастырылып жатыр.
Құзырлы органнның мұндай шешімге келуі бекер емес. Мәселен, полиция бір апта ішінде 46 мыңнан астам жол жүру ережесінің бұзылғанын анықтаған. Оның ішінде 270 жүргізуші автокөлікті мас күйінде айдаған, 153-і қарсы жолаққа шығып кеткен, 7 мыңнан астамы жылдамдықты асырғаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Асылбек Данияр