Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің деңгейін 14,5%-ға дейін көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің деңгейін 14,5%-ға дейін көтерді

25.07.2022

Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдады. Сонымен жылдық ставка 14,5% деңгейіне жоғарылады. Бұл қысқа және орта мерзімді перспективада инфляция тәуекелдерінің теңгерімін ескере отырып шешілген. Банктің ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің ұйғарымы осы.

Әлемде азық-түлік бағасы 19,2% ға өскендіктен, сыртқы инфляциялық қысым әлі сақталып отыр

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:

Тек қана көрші ел емес жаһандық инфляцияның да өсуі байқалады. Біздің экономика әлі де өсіп келе жатқан сыртқы инфляциялық қысымға бейімделумен келеді. Біз инфляция шарықтау шегіне әлі жетпегенін, бағалар әлі тұрақтала қоймағанын көріп отырмыз.

Бағалардың тұрақталмауына жоғары инфляциялық күтулер мен фискалдық ынталандыру шаралары ықпал етуде. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында экономика 3,4%-ға өсті. Ал, инфляцияның өсі қарқыны баяулаған жоқ. Осының бәрі ескерліп, базалық мөлшерлеменің 14,5% бекуі – орынды шешім.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:

Инфляцияның жылдық үдеу қарқыны 2023 жылдың бірінші тоқсанына дейін жалғасып, кейін баяулауы мүмкін.

Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған шешім теңге жинақтарының тартымдылығын арттыруға және 2023 жылы инфляциялық процестер мен инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға бағытталған.

Дегенмен, Ұлттық Банк өкілінің пайымдауынша, инфляцияға қатысты болжам өзгеруі мүмкін. Ауытқуға геосаяси қақтығыс, Қытайдағы карантиннің күшеюі әсер етеді. Әлемдік экономиканың қайта құлдырауына мұнай бағасының күрт төмендеу тәуекелі де ықпал жасайды.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу