Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында сауда-саттық артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында сауда-саттық артады

25.07.2022

Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тауар айналымы артады. Кеше қос тарап 13 бірдей меморандумға қол қойды. Жалпы құны – 220 миллион доллар. Агросала бойынша Сауд Арабиясының ғана емес, Таяу шығыстағы ең ірі компаниялардың бірі Алматы облысында ірі өндіріс орнын ашуға ниетті. Инвестиция көлемі – 200 миллион доллар. Бұдан бөлек энергетика саласындағы әріптестік қос тараптың зор қызығушылығын тудыруда. «Аква Пауэр» компаниясы Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында гидро, күн және жел электр станцияларын салуды жоспарлап отыр. Инвестиция құны – 1 миллиард доллардан асады. Бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне зор ықпал етпек. Сауд Арабиясының ең ірі 50 компаниясының басшыларымен кездесу кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвестицияның қауіпсіздігіне мемлекет кепіл беретінін айтты. Сонымен қатар Қазақстанның араб түбегіне көптеген тауар түрлерін шығаруға әлеуеті бар екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз жүргізген талдауға сәйкес Қазақстан машина жасау, шойын және болат өндірісі, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сияқты салалар бойынша құны шамамен жылына 400 миллион доллар болатын шикізат тауарларының 100-ден астам түрін ұсына алады.

Агро сала бойынша ықпалдастықтың мүмкіндігі мол. Қазақстан Араб түбегіне азық-түлік экспорттауға әзір. «Сапасы жоғары бидай мен нан өнімдерін тұрақты жеткізуші елдердің бірі болуға дайынбыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Сауд Арабиясы жылына орта есеппен 8-9 миллион долларға сауда жасайды. Бұл қос елдің экономикасы үшін көп емес. Алыс-берісті көбейтуге басты кедергі – жолдың алшақтығы.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі:

Қазір біз біраз мәселелерді талқылап отырмыз. Оның ішінде, тікелей авиа рейстердің көлемін ұлғайту және экономикалық дәліздерді ашу. Жақында мемлекет Иранға барған сапарында Қазақстан-Түрікменстан-Иран деген оңтүстік-солтүстік экономикалық дәліздерді ашуды талқыладық. Бүгінде Сауд Арабиясындағы әріптестерімізбен осы жолды талқылап отырмыз. Сондай-ақ Каспий арқылы тарифтерімізді дұрыстасақ жол ашылады.


Хабарламаларға жазылу