Елордада маска тағу міндеттелуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада маска тағу міндеттелуі мүмкін

20.07.2022

Елорда коронавирусты бағалау матрицасының «сары» аймағына кірудің аз-ақ алдында тұр. Қалада вирус жұқтыру дерегі соңғы екі аптада 9,5 есе артқан. Сыртқаттардың көбеюіне COVID-19-дың «Омикрон» және «Стелсс Омикрон» штаммы себеп, дейді бас санитар. Сондықтан, көп ұзамай шектеу шаралары енгізілуі мүмкін.

Асылбек Данияр, тілші:

Егер қала «сары» аймаққа енсе тұрғындарға маска тағу міндеттелуі мүмкін. Одан бөлек кейбір мекемелердің жұмысшылары мен денсаулығы нашар балалар онлайн форматқа көшеді. Қоғамдық көлік пен ойын-сауық орталықтарында, кинотеатрлар, концерттік залдар сияқты қоғамдық орындарда маска тағу да міндеттелмек.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың айтуынша, қазір төрт мыңға жуық елордалық коронавирустан емделеп жатыр. Оның ауруханада жатқандары мың жарымға жуық. Арасында 202 бала , 79 жүкті әйел бар. Ал, инфекциялық стационарларда 260 науқас жатыр. 17 пациент жансақтау бөлімінде, 2 адам өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылған.

Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Ем алып жатқан пациенттердің арасында 153 адам коронавирусқа қарсы екпе алмаған яғни бұл 60 пайызға жуық адам. Қалғандары вакцинация алғанына қарамастан ревакцинация уақытын өткізіп алған адамдар. Өткен тәулік ішінде 586 жаңа жағдай анықталды. Соңғы 3 аптада орташа есеппен тәулігіне 150-ге жуық жағдай тіркеліп, орташа 20-30 адамды ауруханаға жатқызуға мәжбүр болып отырмыз.

Сондай-ақ жедел жәрдем қызметіне түсетін қоңыраулар саны да күрт артқан. Бір тәуліктің ішінде екі мыңнан аса адам хабарласқан. Қаланың бас санитарлық дәрігері бұл сандардың алдағы уақытта да көбейетінін алға тартты. Денсаулық сақтау министрлігінің болжамына сүйінген Сархат Бейсенова, аурушаңдық тамыздың ортасына дейін артып, қыркүйектің басында төмендейтінін айтады.

Асылбек Данияр:

Иә, республика бойынша эпид ахуалға қысқаша тоқтала кетейін. Бір күннің ішінде екі мыңдай қазақстандықтан індет анықталды. Антирейтингтің басында Алматы, елорда және Қарағанды облысы тұр. Қазір коронавирустан 11 мың адам емделіп жатыр. Ауруханадағы 18 адамның жағдайы ауыр. Бұдан бөлек, көрші Ресейден COVID-19-дың «кентавр» штаммы анықталғаны туралы да ақпарат бар. Бірақ, оның ауру белгілері әлі бегісіз. Ләйла, мендегі бар ақпарат осы.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу