Маңғыстау облысында төрт түлікке қоң бітіп, шаруалардың жағдайы оңала бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында төрт түлікке қоң бітіп, шаруалардың жағдайы оңала бастады

18.07.2022

Маңғыстау облысында төрт түлікке қоң бітіп, шаруалардың жағдайы оңала бастады. Биыл өңірде жауын-шашын мол болды. Соның арқасында жер көктеп, мал өріске жіберілді.

Қызан ауылының тұрғыны Нәсір Ибескиевтің былтыр қуаңшылықтан біраз малы қырылып қалған. Бірақ, ол шаруасын сонда да тастамады. Қалған малын қорадан шығармай бағып, жем-шөптен қаражатын аямады. Қазір түйе мен жылқыны қосқанда 100 қаралы малы бар. Биыл бәрі күйлі.

Нәсір Ибескиев, шаруа қожалығының иесі:

Шөп шығып енді көктеп мал тойып, түленіп жатыр ғой енді былтырғыға қарағанда жаман емес, былтыр да шықтық үкіметтен азды-көпті көмек те болды арзандау жем беріп.

Ата кәсіпті жалғастырушы Аяпберген Қуатбаев та тәжірибесінің арқасында, төрт түлігін шығынсыз сақтап қалған. Бірақ, қуаңшылықтан бүкіл ауыл халқы қатты қиналды. Шығын көп болды дейді.

Аяпберген Қуатбаев, шаруа қожалығының иесі:

Былтыр тіпті тамыры тереңде болатын ардаспан деген шөптің өзі шықпай қалды да биыл енді шөптің түрі шығып жатыр. Мына менің ұстап тұрғаным күйреуік деген шөп. Малы бардың –елі бай, Жері байдың-Елі бай деген жерге шөп шықса, малға қоң бітсе, адамдар көңілді болады екен. Мал да жайлы жақсы болады екен.

Аймақта төрт түлік өсіруді кәсіп еткен шаруаларды қолдау шаралары биыл да жалғасады. Олардың жем-шөпке шығарған шығындары қайтарылады. Яғни, мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Көмекті алу жеңілдеген. Осы мақсатта 400 млн теңге қарастырылған.

Қазбек Тәшімов, Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы:

Шектеулерді мүлде алып тастадық. Яғни айтқанда, ірі-ұсақты шаруа қожалықтары барлығы құжаттары дұрыс болған жағдайда, малы арнайы дерек қорға тіркелген кезде субсидия алуға толық мүмкіндігі бар. Яғни айтқанда, әр мал басына ірі мал басына 20 мыңнан, ұсақ мал басына 5 мыңнан алуға толық мүмкіндік бар.

Аймақта асыл тұқымды мал мен құс өсіретін шаруашылықтарға да субсидия беріледі. Сондай-ақ, құдық қаздыруға жұмсалған шығынның 80 пайызы өтеледі. Айта кетейік, облысқа басқа өңірлерден жем-шөп тасымалдау биыл да жалғасады. Операторлар айналым қаражаты есебінен, мал азығын тұрақты түрде жеткізуі тиіс. Сонымен қатар, шаруаларға Батыс Қазақстан облысынан шөп шауып әкелуге мүмкіндік жасалған.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу