ШҚО жұрты төрт түлікке түнде жарыққа шағылысатын бау таға бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО жұрты төрт түлікке түнде жарыққа шағылысатын бау таға бастады

25.10.2019

Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары төрт түліктің мойнына жарыққа шағылысатын бау таға бастады. Бұл әдіс жол бойында жайылатын малдың кесірінен, әсіресе түнде болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға көмектеседі. Қазір өңірдегі құқық қорғау органдарының өкілдері ауыл халқымен кездесіп, түсіндіру шараларын жүргізіп жатыр.

Ұлан ауданындағы Мамай батыр ауылы облыстық маңызы бар трассаның бойында орналасқан. Сондықтан,мұндағы төрт түлік кейде жолға жақын жайылып жүреді. Түнде малдың жолға шығып кетуінен жол апаты да жиі болады. 

Дәурен Әбілмәжінов, Ұлан аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары:

2019 жылы 21 жол-көлік апаты болды, яғни көлік малға соғылған. Осының салдарынан Привольное және Мамай батыр ауыл маңында 2 жол апаты болып, 2 адам қаза тапты.

«Сақтансаң, сақтайды». Сондықтан таяуда облыстық прокуратура малдың мойнына жарық қайтаратын лента тағу жөнінде бастама көтерді. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, бұл бірінші кезекте адам қауіпсіздігі үшін қажет шара екені түсіндірді.

Асылбек Зейнолдаұлы, Мамай батыр ауылының тұрғыны:

Біз мұны малдың аяғына, мойнына тағып көргенбіз. Бірақ ол 10 күнге дейін. Ол бүлініп, түсіп қала береді. Мал алыстан көрінеді, көмегі тиеді негізі. 

Малын қараусыз қалдырған адамдар Әкімшілік кодекс бойынша жауапкершілікке тартылады. Мысалы, жылдың басынан бері Ұлан ауданында осы үшін 56 адамға айыппұл салынған. Бұл шара осы аптада басталған «Қауіпсіз жол» акциясына ұласып, құқық қорғау органдары жолдағы қауіпсіздік шараларын барынша күшейтті. 

Берік Көшербай, тілші:

Түнде көлік жүргізушісі қара киімдегі адамды мүлде байқамай қалуы мүмкін. Егер киімнің түсі көк болса 17 метрден, сары 37 және ақ болса 55 метрден көреді екен. Ал киімінде жарыққа шағылысатын материал болса, 130 метрден көзге түседі. Сондықтан мамандар жарық қайтаратын элементтерді жаяу жүргіншілерге де пайдалануға кеңес береді.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу