Өткен тәуліктің ішінде елде 47 жол апаты тіркелген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өткен тәуліктің ішінде елде 47 жол апаты тіркелген

18.07.2022

Жүгенсіз кеткен жүргізушілердің кесірінен қайғылы жағдайлар азаймай тұр. Тек өткен тәуліктің ішінде елде 47 жол апаты тіркелген. Салдарынан 13 адам қаза тапты. Тағы 55 адам әртүрлі дене жарақатын алған.

Екібастұз қаласында екі автобус соғысып, салдарынан 15 жолаушы зардап шекті. Түрлі жарақатпен 6 адам ауруханаға түсті. Оның біреуі алты жасар бала. Полиция департаментінің мәліметінше, нөмірі жетінші және отыз үшінші бағыттағы қоғамдық көліктер таңертең көше қиылысында соқтығысқан. Жол апаты кезінде ауруханаға түскендердің барлығы да бас жарақатын алған. Дәрігерлер ауруханада жатқан 6 адамның жағдайы әлі де ауыр дейді. Оқиғаға қатысты полиция қызметкерелері іс қозғап, тергеуді бастады.

Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш көлік апатқа ұшырады. Киа Рио автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай «Subaru» көлігімен соқтығысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, көлік қарсы жолаққа шығып кетіп, даңғыл бойымен батыс бағытта келе жатқан Ladaны соқққан. Салдарынан Kia Rio жүргізушісі зардап шекті. Екі көліктің жолаушыларына медициналық көмек көрсетілді.

Батыс Қазақстан облысында да жантүршігерлік жол апатынан 8 адам көз жұмды, оның екеуі - жасөспірім. Nissan Maxima маркалы автокөлігінің жүргізушісі алдағы көлікті басып озам деп «Ладамен соқтығысқан. Полиция іс қозғады.

Жыл басынан бері көлік апатынан мыңға жуық адам мерт болды. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, жүргізушілердің салғырттығы қайғылы оқиғаға әкеп соқытруда. Мәселен, Қарағанды облысында шағын автобустың жүргізушісі өзі шаршаған соң рөлді кәмелетке толмаған балаға берген. Ол көлік тізгініне ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып, MAN автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан кәмелетке толмаған микроавтобус жүргізушісі мен 7 жолаушы қаза тауып, 9 жолаушысы ауруханаға жеткізілді.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу