Елде коронавирустың алтыншы толқыны басталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі айтты. Соңғы аптада індет жұқтырғандар 2,5 есеге өскен. Ахуалдың нашарлауына байланысты «Ashyq» қосымшасы қайтадан жұмыс істейді. Министр тұрғындарды ревакцинация жасатып, сақтанып жүруге шақырды.
Қазір қорда коронавирусқа қарсы вакцинаның 1 миллион 600 мыңнан данасы бар. Оның 106 мыңы *Pfizer" екпесі. Қазан айына дейін жарамды. Сұранысқа сай, жылдың аяғына дейін тағы 300 мың дозасы әкелінеді.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Осы біздерге берілген вакциналардың сериясына байланысты өндіруші ондай вакцина бүкіл дүниежүзіне берілген ғой, осы сериясын егер дұрыс сақталған жағдайда әлі де екі айға дейін созамыз деген ақпарат алдық. Сол вакциналардың мерзімін қазанның біріне дейін деп айтуға болады.
Енді өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы жаңа әдіспен жасалады. Ол сырқаттанушылардың санына қарай есептеледі. Бүгіннен бастап барлық облыс, қала "жасыл" аймақта. Кез келген өңір "сары", "қызыл" аймаққа өтсе, шектеу шаралары күшейтіледі. Бірақ, бизнес субъектілерінің мүддесі ескеріледі. Тұрғындар барлық талапты сақтаса, індетті еңсеру жеңіл болады.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Эпид жағдай бұрынғы кездегідей өте қиын емес ашығын айтқанда. 3,6 пайызға "дельта" ғой бұрынғы сол мына "омикрон стелске" байланысты ол 3,6 пайызға төмен. Бүгінгі медицина саласындағы жүктеме сол 18 пайызын ғана құрайды. Ауырған азаматтардың 90 пайызы жеңіл түрде өтіп жатыр. Сондықтан, осыны ескере отырып, нақты ондай шектеулер жоқ.
Өткен тәулікте COVID-19 1200-ден аса адамнан анықталды. Вирус Елорда, Алматы мен Шымкент қалаларында дендеп тұр. Министрліктің хабарлауынша, қазір індеттен 5 жарым мың адам емделіп жатыр. Ауруханадағы 16 адамның жағдайы ауыр. Болжам бойынша тамыз айында 4 мың адамға дейін вирус жұқтыруы мүмікін. Жоқ дегенде күніне 1000 мың адам.
Асылбек Данияр, тілші:
Қазіргі таңда елдегі 139 инфекциялық орталық жұмыс істеп тұр. Төсек-орын жүктемесі 20%. Сондай-ақ стационарда жатқандардың 41,7 пайыз балалар ол 180 бала. Оның ішінде 1 жасқа толмаған 23 бала бар. Бұдан бөлек "Ashyq" қосымшасының жұмысы қайтадан жанданады. Бизнес субъектілер "жасыл" және "көк" мәртебесі бар адамдары ғана ғимаратқа кіргізеді.
Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19-бен күресу үшін биылға 100 миллиард теңге жұмсамақ. Қаржы вакцина сатып алуға, науқастарды емдеуге, аса қауіпті жағдайда жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне жәрдемақы төлеуге кетеді. Салыстырмалы түрде былтырға қарағанда, алты есе аз.
Асылбек Данияр