Үш министрге сөгіс, тағы біреуіне ескерту. Олар ескі тәсілдерді қолданып, қордаланған проблемаларды шеше алмай отыр. Осылайша Президент Үкіметтің жұмысына орташа баға берді. Сонымен сын садағына Ауыл шаруашылығы ведомствосының басшысы Ербол Қарашөкеев пен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ілікті. Олар қымбатшылыққа қауқар көрсете алмай, тиімсіз тірлікпен айналысып жүр. Жауапкершілікті өңірлерге жүктеп қойды. Ал, ондағылар дүкендерді аралап, «ақылы жоқ болса екі аяғының соры» деген күйді кешіп жүр. Соңғы кезде киік мәселесі де күйіп тұр. Соған жауапты Экология министрі Серікқали Брекешов бітімді іс жүргізе алмады. 80 ақбөкенді ату қазақ менталитетіне оғаш қылық. Мәселені өзгеше реттеудің жолын іздеу керек. Ал, Цифрландыру министрі Бағдат Мусин ескерту алды. Цифрландыру баяу жүргізілуде және көңіл көншітпейді. Осыларды ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев күзге қарай кадрлық ауыс-түйіс те болуы мүмкін екенін айтты.