Бүгін ел бойынша мемлекеттік гранқа құжат қабылдау басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін ел бойынша мемлекеттік гранқа құжат қабылдау басталды

13.07.2022

Бүгін ел бойынша мемлекеттік гранқа құжат қабылдау басталды. Биыл талапкерлер құжатты үйде отырып-ақ тапсыра алады. Әсіресе, бұл жүйе шалғай ауылдағы балаларға тиімді болады, дейді министрлік өкілі. Ол үшін жоғарғы оқу орындарында виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейді. Толығырақ әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.

Асылбек Данияр, тілші:

Мемлекеттік грантқа құжат тапсыру өте оңай. Ол үшін кез келген жоғарғы оқу орнының сайтына кіріп, осында көрсетілген қабылдау комиссиясының мүшелеріне онлайн түрде, сілтеме арқылы іріп, байланысуға олады.

Талапкердің құжаттары дұрыс әрі түгел болса процесске 10-15 минут уақыт кетеді. Комиссия мүшелерінің айтуынша, конкурсқа онлайн, яки оффлайн өтініш берудің айырмашылығы жоқ. Өйткені құжаттың бәрі бір базаға түседі.

Гүлмаржан Төлеуова, виртуалды қабылдау комиссиясының мүшесі:

Бүгін бізге екі талапкер хабарласты. Бір талапкердің жеңілдігі бар екен. Сондықтан, біз құжатты қабылдай алмадық, толықтыру керек болды. Екінші талапкеріміз ол жалпы конкурс бойынша өтіп жатыр екен. Құжаты қабылданды және анықтама берілді.

Түркістан облысынан келген Алмас құжатты оффлайн тапсыруды жөн көріпті. Өйткені, бұл жаңашылдық туралы естімеген.

Алмас Әбубәкір, талапкер:

Онлайн тапсыратын мүмкіндікті білмедім. Болашақта футбол жаттықтырушысы болғым келеді. Осы уақытқа дейін ҰБТ-дан мүмкін болған 35 баллдан 33 жинадым. Жалпы дене дайындығы және мамандану бойынша нормативтер тапсырып мүмкін болған 90 баллдың 90-ын жинадым.

Ғылым және жоғары білім министрі талапкерлердің 40 пайызы құжатты онлайн тапсырады деген пайымда. Осы мақсатта елдегі 74 жоғары оқу орнында виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істеп тұр.

Саясат Нұрбек - ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Ұлттық тестілеу орталығының жұмысы қазіргі таңда 24 сағат режиміне қосылды. Осы аптаның ішінде 100 мыңға жуық адамдардың құжаттарын күтіп отырмыз. Осы сағатта бүгін бірінші күні жарты күннің ішінде сағат 1-ге дейін 4273 талапкердің құжаты қабылданды. Бұл 5 пайызға жуық.

Биылғы жоғары оқу орындарына бөлінген білім гранттарының саны рекордтық деңгейге жетті. Бакалавриатқа түсушілерге арналғаны 73 мыңнан асады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп. Презиенттің тапсырмасы бойынша техникалық-инженерлік мамандықтарға басымдылық берілген. Гранттардың 60 пайызы да осыған бағытталыпты. Сонымен бірге, биылғы Батыс аймақтағы мектеп бітірушілер үшін жағымды жаңалық бар.

Руслан Емелбаев - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры:

Атырау және Маңғыстау өңірінің тек биылғы жылғы 2022 түлектері ғана бұл бағдарламаға қатыса алады. Бірақ, бір ерекшелігі бар: талапкер осы екі жоғарыда аталған екі өңірдің талапкерлері олар таңдау жасау керек. «Атырау-Маңғыстау» бағдарламасы бойынша қатысады немесе жалпы конкурс бойынша қатысады.

Мемлекеттік грантқа құжат қабылдау бүгіннен бастап 20-шілдеге дейін жалғасады. Оған мүмкін болған шекті баллды жинаған 103 мыңнан аса оқушы қатыса алады. Шығармашылық мамандықты таңдағандарды қоспағанда, талапкерлер әдеттегідей 4 мамандық бойынша 4 жоғарғы оқу орнын таңдай алады. Конкурстың нәтижесі 10 тамызға дейін жарияланады.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу