Мен - Қазақстан азаматымын. Бүгін БАҚ өкілдеріне сұқбат берген теннисші Елена Рыбакина өзінің азаматтығына қатысты сұраққа осылай қысқа әрі нұсқа нақты жауап берді. Тіпті, дәлел ретінде жеке куәлігі мен паспортын көрсетті. «Wimbledon» халықаралық турнирінің чемпионы жеңісін "Ресей теннис мектебінің жемісі" деген пікірге қатыс да ойын ашық айтты. Әріптесім Асылбек Даниярдың материалында толығарақ.
Тарихи жеңіс иесін түнде спорт жанкүйерлері елорда әуежайында құрметпен күтіп алды. Жарыста топ жарған спортшыны қарсы алуға премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов та келді.
Елдің атын бүкіл әлемге танытқан теннисшіге жанкүйерлер ұлттық тағамнан дәм татқызды. Қазақстанның нөмірі бірінші ракеткасы өзіне қолдау білдірген барша жанкүйерлерге алғыс білдірді. Екі тәулік бойы көз ілмедім деген спортшы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына бүгін түсе ауа баспасөз мәслихатында жауап беретінін айтты.
Баспасөз мәслихатында қазақтың бірінші ракеткасы, әлемнің екінші ракеткасымен болған финалдық ойынның қиынға соққанын айтты. Осы турнир барысындағы барлық кездесулерінің алғашқы сетінде қобалжуға жол бергенін де жасырмады. Есесіне, екінші, үшінші сеттерде тез ес жиып, жеңіске деген жігерді өзім қайрадым дейді. Ал жарыс аяқталғаннан кейінгі көрші елдің әлеуметтік желі қолданушылары бұл жеңісті "Ресей теннис мектебінің жемісі" деп танып жатқандар да табылды. Бұған Еленаның да айтары бар.
Елена Рыбакина, «Wimbledon-2022» халықаралық турнирінің жеңімпазы:
Қазақстанға ауысқанда мен юниор болдым. Юниорды «дайын өнім» деп айтуға болмайды. Оның үстіне юниордан кәсіби деңгейге өту өте қиын. Ол үшін жақсы команда болу керек. Кәсіби спортқа көшіп, одан әрі сәтті жалғастыру екінің бірінің қолынан келмейді. Санаулы адам ғана шыңға шыға алады. Бұл тұрғыда маған сәті түсті. Сондықтан дайын өнім дегенмен келіспеймін.
Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті «Үлкен дулыға» турниріндегі жеңіс теннисшінің өз жетістігі, дейді. Сонымен бірге, Рыбакинаның Ресейде кәсіпқой теннисте ойнамағанын жеткізді.
Юрий Польский, ҚР Теннис федерациясының вице-президенті:
Мен бұл мәселеге қатысты нүкте қойылу керек деп ойлаймын. Егер бұл олардың нәтижесі болса, оны неге жіберді? Еленаның қазіргі дейінгі жетістіктері бірінші кезекте өзінің, ата-анасының, командасының қолдауының арқасында.
Елена Рыбакина, «Wimbledon-2022» халықаралық турнирінің жеңімпазы:
Мен өте қуаныштымын Қазақстанға келгеніме. Егер Қазақстан болмағанда, мен қазір қайда болар едім, білмеймін. Алғыстан басқа айтарым жоқ.
Елена - Қазақстан азаматы. Бірақ, оның тұрақты үйі жоқ. Жарыстар мен жаттығуларға байланысты бір елден, екінші елге сапарлаумен жүретінін айтты. Күмән болмас үшін құжаттарын да көрсетті.
Еске сала кетейін, Елена Рыбакина еліміздің намысын қорғап, «Үлкен дулыға» санатындағы турнирінде жеңіске жеткен алғашқы теннисші. Ол турнирдің финалында әлемнің екінші ракеткасы тунистік теннисші Онс Жаберді 2-де бір есебімен ұтқан болатын.
Асылбек Данияр