Қастандықпен өлтірілген Жапония экс-премьерінің мәйіті Токиоға жеткізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қастандықпен өлтірілген Жапония экс-премьерінің мәйіті Токиоға жеткізілді

09.07.2022

Жапония жұртшылығы экс-премьер Синдзо Абэ өлтірілген жерге гүл шоқтарын қойып жатыр.

Бұрынғы үкімет басшысы елдің батысындағы Нара қаласында парламенттік сайлауға арналған митинг кезінде оққа ұшты. Оны 41 жастағы жұмыссыз тұрғын Тецуя Ямагами арқадан екі рет атқан. Абэ оқ тигеннен кейін бес жарым сағат өткенде жан тәсілім етті.

Ямагами тергеу кезінде Абэнің «бір ұйымға» кіргенін және сол топқа анасы көп ақша аударғаннан кейін қаржылық жағдайының қиындағанына шағымданған. Алайда, «Киодо» агенттігінің хабарлауынша, Ямагами басқа адамға, яғни, аталған діни ұйымның жетекшісіне қастандық жасауды жоспарлап, ол жоспарын кейін өзгертіпті.

Бүгін марқұмның мәйіті Токиодағы резиденциясына жеткізілді. Жергілікті ақпарат құралдарының дерегінше, жерлеу рәсімі сейсенбі күні өтеді.

67 жасында дүниеден озған Синдзо Абэ 2020 жылы премьер-министр қызметінен кеткенімен, Жапонияның билеуші Либерал-демократиялық партиясының беделді тұлғасы болып қалған еді.


Хабарламаларға жазылу