Жамбыл облысында полицейлер 41 жастағы тұрғыннан 517 келі кептірілмеген «марихуана» тәркіледі. Ол есірткі шөбін Шу ауданындағы жабайы қарасора алқабынан жинап алған.
Құқық қорғаушылар күдіктіні алыстан басқарылатын ұшу аппараты арқылы байқап қалған. Әрі қарай қызметтік ит қарасора жинаған азаматтың ізіне түсіп, көп ұзамай қолға түсті. Аса ірі мөлшерде «марихуанамен» ұсталған күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Ал Қызылорда облысы, Бесарық ауылының маңында жасырын қарасора өсірген екі қала тұрғыны ұсталды. Аумақты тексеру барысында 357 түп сора анықталды. Жиналған есірткі шөбінің салмағы 20 келіден асқан. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.