Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина әйгілі «Уимблдон» халықаралық турнирінің жартылай финалына шықты. Отандасымыздың жарыс жолындағы кезекті қарсыласы австралиялық Айля Томлянович болатын. Ойынды қарқынды бастаған Томлянович алғашқы сетте 6:4 есебімен басым түсіп, Рыбакинаны тығырыққа тіреді. Есе жібергеннен кейін тез Ес жиған қазақстандық теннисші, екінші кезеңді 6:2 есебімен өз пайдасына аяқтады. Шешуші, үшінші сетте қатарынан 3 геймді алған Елена соңына дейін жеңісті уысынан шығармады. Қорытынды нәтиже 2:1. Осылайша жұлдызы жанған Рыбакина 145 жылдық тарихы бар әлемдегі ең беделді теннис додасының жартылай финалына шықты. Енді ол бүгін кешкісін әлемдік рейтингтің 18-ші ракеткасы Симона Халеппен байрақты бәсекенің финалдық жолдамасын сарапқа салады.