«Елорда бәйгесі» республикалық турнир өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Елорда бәйгесі» республикалық турнир өтті

07.07.2022

«Елорда бәйгесі». Осындай атаумен Нұр-Сұлтанда бәйге түрлерінен республикалық турнир өтті. Сәйгүліктер жарысында елдің түкпір-түкпірінен 150-ден астам жылқы мен 25 шабандоз бақ сынады. Астана күніне орай өткізілген дода қостанай тұқымды жылқылар мен қостанай будандары қатысқан бәйгемен басталды. Асыл тұқымды тұлпарлардың аламаны 4 қашықтықта өткізілді. Жалпы жүлде қоры – 9 миллион теңге. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақтың қазанатын сақтау, дамыту және санын көбейту бағытындағы додалар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Рахат Жақсыбай, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры:

Осы бәйге арқылы біздің атбегілерге, ат ұстайтын азаматтарға «қостанай жылқысын» ұстауға бір ынталандырғымыз келеді. Осы бәйгеге қатысып жатқан аттардың барлығы бір тұқым, бір будан. Бұлардың барлығы «қостанай жылқысы». Енді ұзақ уақыт тоқтап қалғаннан кейін қайта дамытып жатқан себепті таза «қостанай» емес «қостанай будандары» да қатысып жатыр.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Негізгі мәселе - қазанатты қалпына келтіру. Ол оңай жұмыс емес, бір күнде де шешілетін жұмыс емес, бір жылда да бітпейтін жұмыстар. Ол он шақты жылды талап ететін шаруа. Сондықтан, осындай үлкен бастама басталып кетті.

Жарыстың екінші бөлігі Елорда әкімдігінің қолдауымен Астана күні аясында барлық санаттағы аттар қатысатын құнан, кіші аламан және аламан бәйгемен жалғасты. Жүлде қоры – 20 миллион теңге. Айтулы додада - Ақмола және Қостанай облысының шабандоздарына тең келетіндер болмады.


Хабарламаларға жазылу