Украинаны қалпына келтіруге 750 млрд доллар қажет – Украина премьер-министрі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинаны қалпына келтіруге 750 млрд доллар қажет – Украина премьер-министрі

05.07.2022

Украинаны қалпына келтіруге 750 миллиард доллар қажет. Мұны осы елдің премьер-министрі Денис Шмыгал Швейцарияның Лугано қаласында өткен конференцияда мәлімдеді.

Оның сөзінше, мемлекетті қайта құру жоспары үш фазадан тұрады. Біріншісі – елге өте қажетті сумен қамтамасыз ету жүйесін жөндеу, екіншісі – қарулы қақтығыс аяқталысымен тұрғын үйлерді, мектептерді, ауруханаларды «жылдам қалпына келтіру», үшіншісі – Украинаның ұзақ мерзімдік дамуына қажетті жобаларды жүзеге асыру. Үкімет басшысының сөзінше, бұл жұмысқа Ресей олигархтары мен мемлекетінің шетелде бұғатталған 300-500 миллиард доллар қаражаты тәркіленіп жұмсалуы керек.

Донецк облысын қорғауға әзірлік жүріп жатыр

Украина армиясы болса, қазір Донбасстағы Донецк облысының қалаларын қорғауға әзірленіп жатыр. Өйткені, Луганск аймағын толық басып алған Ресей әскері осы өңірдегі елді мекендерді жаулауды көздеп отыр. Сонымен қатар, украиналықтар оңтүстікте қарымта шабуылға кірісіп, Херсонда территорияларды қайтара бастады. Айта кетсек, Луганск облысы үшін шайқас 90 күнге созылып, онда Украина қарулы күштері ғана емес, ресейліктер де үлкен шығынға ұшыраған.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу