Батыс Қазақстанда құны 2,5 млрд теңге тұратын киік мүйізімен ұсталғандар сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда құны 2,5 млрд теңге тұратын киік мүйізімен ұсталғандар сотталды

04.07.2022

Батыс Қазақстанда құны 2,5 млрд теңге тұратын киік мүйізімен ұсталғандар сотталды. Былтыр шілдеде облыстың бір тұрғыны киік мүйізін жинап, сақтап, Ресейге өткізбек болған. Ол үшін жүк көлігі бар сыбайласына әр апарған рейсі үшін 500 мың теңге төлейтінін айтып, сөз байласқан. Екіншісі бұған келісіп, жүк көлігінің астына темір дәнекерлеп, жасырын қуыс жасаған. Оған 1169 дана киік мүйізін тиеп, Самараға жолға шыққан бетте, полицияның қолына түскен. Орал қалалық сотының үкімімен бірі 8 жылға, екіншісі 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, мемлекетке келтірілген шығынды сотталғандардан өндіру жазасы тағайындалды.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу