Президент құттықтауы: Қазақстан полициясына 30 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент құттықтауы: Қазақстан полициясына 30 жыл

23.06.2022

Бүгін Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл! Мерейлі датаға орай өткен салтанатты жиынға бүгін президент те қатысып, ішкі істер саласының қызметкерлерін мерекесімен құттықтады. Әрі алдағы уақытта тәртіп сақшыларына әлеуметтік қолдаудың артатынын және нағыз полицейдің қандай болуы керектігін айтты.

30 жылда ішкі істер саласы бірнеше реформаны өткерді, өзгерді. Бірақ жұрттың құқық қорғау жүйесіне сенімі әлі аз. Полицейлер қоғам көзіне халықты қанаушы парақор болып көрінетіндей. Мұның себебін президент былай түсіндірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әділетсіз жағдайлар, полицейлердің немқұрайлылығы, кейде олардың заңсыз әрекеттері Ішкі істер министрлігінің барлық құрылымының қызметіне сызат түсіреді. Жағдайды өзгерту үшін біз Қазақстан полициясында ауқымды реформаларды бастадық, біртіндеп қызмет көрсету үлгісіне көшеміз. Бүгінгі таңда тек қылмыспен күресу аздық етеді, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ең бастысы полицияның адамдарға бейімделуі маңызды.

Иә, полиция ішкі тәртіптің кепілі. Олардың міндеті жазалау емес қорған болу, қолғабыс ету. Осы бағытта қазір ауқымды реформа жүріп жатыр. Жақында форма өзгерді. Жаңарған киіммен сақшылар да жаңаша жұмыс істеуі тиіс. Алдымен бюрократиядан толығымен арылу керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Полиция өз жұмысын барынша ашық жүргізіп, халыққа жақын болуға тиіс. Бюрократиядан арылатын уақыт әлдеқашан жетті. Бұл саяси кесел халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Тұрғындардың орынды сын-ескертулерін дұрыс қабылдаған жөн.

Қазір заңды елемей, жалғанды жалпағынан басатындар бар. Оларды тезге салу үшін ішкі істер ғана емес, өзге де органдар бірігуі керек деді президент. Әрі жат идеологиямен ел ішіне іріткі салатындармен күресті күшейту қажет. Қазір олар әлеуметтік желіде белсенді. Қысқасы полицейлер алдында әділетті қоғам құру міндеті тұр. Әсіресе әйелдер мен балалардың құқығы қорғалуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Менің тапсырмам бойынша биыл әйелдер мен балаларға кешенді қолдау көрсететін орталықтар құрылды. Бұл орталықтар қазір пилоттық режимде жұмыс жасап тұр. Онда психологиялық, құқықтық және медициналық көмек көрсетіледі. Жалпы, бұл орталықтар тиімді жұмыс істеп жатыр. Мұндай орталықтарды бүкіл ел аумағында ашып, ауқымын кеңейту керек.

Полцияның еңбегі де орасан. Соңғы жылдары ауыр қылмыстарды ашу деңгейі 77,5 пайызға, аса ауыр қылмыс ашу 88 пайызға артқан. Қаңтарда да сақшылар отаншылдықтың нағыз үлгісін көрсетті деді Тоқаев. Ал тәуелсіздік алғалы қызмет бабында 815 полицей қаза тауып, 4,5 мыңы жараланған. Сондықтан қауіпсіздікті қамтуда бастарын қатерге тігетін сақшыларды әлеуметтік қолдау арта бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кейінгі жылдары полиция қызметкерлерінің жалақысы бірнеше рет өсіп, тұрғын үйді жалға алу құнына өтемақы төлеу енгізілді. Сонымен қатар әкімдерге жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын қызметтерге 30 пайыздық үстемақы белгілеу құқығы берілді. Менің тапсырмама сәйкес биылғы 1 қазаннан бастап жедел-іздестіру қызметі қызметкерлерінің еңбекақысы көтеріледі.

Жиын соңында мемлекет басшысы ішкі істер саласының үздіктерін марапаттап, мынаны қадап айтты. Полицяның ұстанымын өзгертіп, жұмыстың жаңа үлгісіне көшу басты міндет. Өйткені халықтың бейбіт өмір сүріп, болашаққа сеніммен қарауы – полицейлердің адал қызметіне байланысты.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу