Шымкентте жаңа жолдар адамдарға қауіп тудыруда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте жаңа жолдар адамдарға қауіп тудыруда

23.06.2022

Шымкентте жаңадан салынған даңғылдар мен көшелер адам өмірі үшін қауіпті аймаққа айналды. Өйткені ережені елемейтін жүргізушілер пайдалануға берілмеген, екі басы бітеу жолдарға амалдап кіріп, айдалада апатқа ұшырап жатыр. Тыйым салынған жолдармен жүйіткитіндердің арасында қоғамдық көліктер де бар.

Қазанда болған қайғылы оқиға. «Шымсити» шағын ауданындағы жаңада төселген жолдардың қиылысында екі көлік соқтығысып бір адам мерт болды. Екеуі де бетон кедергілерді айналып өтіп, жол қозғалысына тиым салынған белгілерге қарамастан жаңа жолда жүйіткіп жүрген. Аман қалған азаматша айыппұлмен құтылған. Ал тергеушілер енді бар кінәні жаңа көшелерді салған мердігер компаниядағы учаске басшысына артып отыр.

Болат Тәжібаев, құрылыс компаниясының учаске бастығы:

Технадзордың приписаниесі бойынша қойдым. Инстанциялардың хаттары бар. Бәрін дәлел ретінде апарсам да ол кісілер оған мән бермей жатыр. Себебі күдікті деп мені ғана тануды мақсат тұтқан.

Заң бойынша құрылысы басталған жолдардың бойына арнайы белгілер полицияға қарасты техникалық қадағалу қызметінің нұсқауымен қойылады. Бірақ оны полиция теріске шығаруда. Алғашында адам өліміне байланысты істі қысқартқан тәртіп сақшылары енді қайта қозғау салды. Прокуратура да істі сырғытпа жауаппен созып келеді.

Жәнібек Тұрлыбаев, Шымкент қаласы Қаратау ауданы Полиция басқармасы басшысының орынбасары:

Пайдалануға дейін мердігер компания өзі қояды. Өздерінің қалауы бойынша. Қосымша тергеу жұмысына байланысты мәлімет бере алмаймын.

Жаңа мөлтек аудандағы жолдардың салынғанына аяқталғанына екі жылдан асып барады. Әлі пайдалануға берілетін емес. Әкімдік жолды салдырып алып, енді айналасындағы жерді даулап жүр.

Шәміл Аманқұлов, Шымкент қаласы Құрылыс басқармасының бас маманы:

Көшелердің бойына орналасқан жекеменшік жер телімдері бар. Сол жерлер мемлекеттік мұқтаждыққа қайтару бойынша жұмыстар атқарып жатыр.

Жаңадан бой көтерген «Тұран» шағын ауданында да осы жағдай. Әкімдік жаңа жолдарды тек 2-3 айдан соң ғана ресми пайдалануға беруді жоспарлап отыр.


Хабарламаларға жазылу